Новости

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР СУ ҮНЕМДЕУ, ЕГІСТІ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ӨНІМДІЛІКТІ АРТТЫРУДА ТИІМДІ

Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастамалар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өнімділікті көбейтуге және су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, Шіркейлі ауылдық округіндегі «Мәді қажы» шаруашылығының қызметімен және агроөндірісте қолданылып жатқан ғарыштық мониторинг жүйесінің мүмкіндіктерімен танысты. Сапар барысында шаруашылықтың жалпы жұмысы, егін және мал шаруашылығын дамыту бағытындағы атқарылып жатқан істер жан-жақты қаралды.

Аталған шаруашылық 22 жылдан бері өңірдің аграрлық секторын дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Негізгі бағыттары – егін шаруашылығын дамыту және мал басын көбейту. Шаруашылық иелігінде жалпы 9 765 гектар жер бар, оның 3 065 гектары егістік алқап, 3 267 гектары жайылым ретінде пайдаланылуда. Қалған жер телімдері қосалқы шаруашылық және инфрақұрылымдық мақсаттарға бағытталған.

Биылғы маусымда шаруашылық 1000 гектар жерге күріш, 1200 гектар алқапқа жоңышқа дақылын еккен. Қазіргі таңда күріш алқаптарының шамамен 60 пайызы суға бастырылып, агротехникалық талаптарға сай күтіп-бапталуда. Диқандар егіс алқаптарында суару жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп, өнімнің сапасын арттыруға күш салуда.

Сапар барысында аймақ басшысы шаруалармен кездесу өткізіп, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Кездесу кезінде егіншілік саласындағы өзекті мәселелер, су тапшылығын азайту жолдары және жаңа технологияларды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Әсіресе, цифрлық технологиялардың ауыл шаруашылығындағы рөліне ерекше назар аударылды. Мұрат Ергешбаев ғарыштық мониторинг жүйесінің егістік алқаптарды бақылау, су ресурстарын тиімді бөлу және өнімділікті арттырудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жүйелер аграрлық сектордағы ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, нақты деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Сырдария ауданында биыл көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы 32 064 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде 17 мың гектарға күріш, 142 гектарға картоп, 180 гектарға көкөніс, 368 гектарға бау-бақша дақылдары орналастырылған.

Егісті әртараптандыру бағытында 2000 гектар жерге жүгері егу көзделген. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында жаңбырлатып суару әдісімен 150 гектарға жоңышқа себілген. Ал 1500 гектар ауыл шаруашылығы жері лазерлік тегістеу арқылы тиімді пайдалануға бейімделген.

Мамандардың айтуынша, лазерлік тегістеу мен жаңбырлатып суару әдістері су шығынын айтарлықтай азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің аграрлық тұрақтылығын күшейтіп, шаруалардың табысын арттыруға ықпал етуде.

Сапар қорытындысында аймақ басшысы ауыл шаруашылығын цифрландыру мен жаңа технологияларды кеңінен енгізу – өңір дамуының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button