Новости

АЙМАҚ БАСШЫСЫ «HARVEST AGRO» ЖШС ДИРЕКТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Harvest Agro» ЖШС директоры Нұрлан Увашевпен кездесті. Кездесу барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысы мен агроөнеркәсіп саласын дамыту перспективалары талқыланды.

Жиында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Аймақ басшысы Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын қолдану көлемін жыл сайын 150 мың гектарға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде нақты жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Өткен жылы су үнемдеу технологиялары енгізілген жер көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 8 100 гектарға жетті. Биыл бұл көрсеткішті 16 700 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Су ресурстарының азаюы бізді жаңа тәсілдерге көшуге, табиғатпен үйлесімді әрі тиімді технологияларды енгізуге міндеттейді. Бұл бағыттағы бастамалар аграрлық сектордың болашағы үшін аса маңызды, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Облыс әкімі «Harvest Agro» компаниясының бастамасын өңір экономикасын дамытуға, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған стратегиялық маңызды жоба ретінде бағалап, іске сәттілік тіледі.

Айта кетейік, «Harvest Agro» ЖШС 68 млрд теңгеге техникалық қарасора, жүгері және соя дақылдарын өсіру мен терең өңдеуге бағытталған ірі агроиндустриялық кластер құруда.

2025–2028 жылдарға жоспарланған жоба Жалағаш және Сырдария аудандарындағы 32 мың гектар аумақты қамтиды. Жоба аясында жыл сайын 80 мың тонна жүгері, 42 мың тонна техникалық қарасора және 33 мың тонна соя өндіру көзделіп отыр. Сонымен қатар 142 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жобаға мемлекеттік қолдау ретінде 22,4 мың гектар жер учаскесі бөлінген. Бүгінде 9 200 гектар жер тегістеліп, 1 800 гектар жер өңделіп, 1 мың гектар алқапқа егін егілді.

Биылғы жоспар бойынша 5 мың гектарға жүгері мен мақсары дақылдарын егу көзделіп отыр. Қазіргі таңда жобаға 26,3 млрд теңге инвестиция тартылып, игерілуде. Құрылыс жұмыстарына 130 техника мен 300-ге жуық маман жұмылдырылған.

Сонымен қатар 142 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылып, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелері кезең-кезеңімен тартылып жатыр.

Жоба толық іске қосылған жағдайда өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті айтарлықтай артып, су үнемдеу технологияларының үлесі көбейеді және экспортқа бағытталған өнім өндірісі кеңейеді деп күтілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button