Новости

Ұлытау облысының әкімі «Қазақмыс» Тобының өңірдегі негізгі өндірістік және әлеуметтік нысандарымен танысты

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен бастаған облыс әкімдігінің делегациясы «Қазақмыс» Тобының өңірдегі негізгі өндірістік, салынып жатқан және әлеуметтік нысандарын аралады. Өңір басшысымен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі және компанияның бейінді бағыттарының басшылары бірге жүрді.

 

Сапар бағдарламасындағы алғашқы өндірістік нысан Батыс Жезқазған кенішінің №67 шахтасы болды. Мұнда облыс әкіміне кен өндірудің технологиялық үдерісі, заманауи жерасты техникасының жұмысы және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қолданыстағы стандарттары таныстырылды.

 

Бұдан кейін делегация «Қазақмыс Барлау» ЖШС-ның бұрғылау алаңына барды. Мұнда Басқарма төрағасының орынбасары – геологиялық барлау жөніндегі бас операциялық директор Ғалым Нұржанов заманауи бұрғылау қондырғыларының жұмысымен таныстырып, компанияның геологиялық барлау бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады. Бүгінде Ұлытау облысында өңірдің минералдық-шикізат қорын толықтыруға бағытталған ауқымды геологиялық барлау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында 50 мың қума метрден астам аумаққа бұрғылау жұмысын жүргізу жоспарланған.

 

Сапар барысында облыс әкімі Сәтбаев қалалық ауруханасы жанынан салынып жатқан жаңа травматологиялық пункттің құрылысымен танысты. Жаңа нысан қала тұрғындары мен кәсіпорын жұмыскерлері үшін шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.

 

Осыдан соң делегация Сәтбаев қаласындағы Кенші даңқы алаңына барып, жүргізіліп жатқан жөндеу және абаттандыру жұмысымен танысты. Жаңартылған алаң кеншілер еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі ретінде қала тұрғындарының басын қосатын заманауи қоғамдық кеңістікке және түрлі мәдени-көпшілік іс-шара өтетін орынға айналмақ.

 

Сапар бағдарламасы бойынша тағы бір нысан салынып жатқан геологиялық кластер болды. «Қазақмыс» өкілдері «Ұлытау университеті» КЕАҚ вице-ректоры Дәрмен Ташатовпен бірге тау-кен саласына жоғары білікті маман даярлауға бағытталған заманауи ғылыми-білім беру базасының жобасын таныстырды.

 

Бұдан кейін облыс әкімі NAMYS спорт кешенінде болып, нысанның қызметімен және балалар мен жасөспірімдер спорт академиясын ашу жоспарымен танысты. Құны 8,1 млрд. теңгені құрайтын жоба аясында ауданы 5 мың шаршы метрден асатын, 150-200 тәрбиеленушіге арналған заманауи кешен салу көзделген. Академияның ашылуы 2026 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.

 

Осыдан соң өңір басшысы «Жастар» саябағын қайта жаңғырту жұмысымен танысты. Құны 4,9 млрд. теңгені құрайтын жоба аясында жаяу серуендеу және велосипед жолдары, субұрқақ пен заманауи балалар ойын алаңдары салынып, көгалдандыру жұмысы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта демонтаж жұмысы аяқталып, абаттандырудың негізгі кезеңіне дайындық жүргізілуде. Қайта жаңғырту жұмысын 2026 жылдың қазан айында аяқтау көзделіп отыр.

 

Сапар қорытындысында тараптар Ұлытау облысында өнеркәсіп, геологиялық барлау, әлеуметтік инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамыту жөніндегі ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті екендерін растады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button