Новости

🫂Sarap сарапшылары сайлау науқанының аралық қорытындыларын талқылады

2026 жылғы 20 тамызда Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты «Сайлау – 2026: сайлау науқанының аралық қорытындылары және дауыс беру алдындағы жұмылдыру» тақырыбында «SARAP» сарапшылар клубының көшпелі отырысын өткізді.

Отырыс барысында сарапшылар ағымдағы сайлау науқанының аралық қорытындыларын, қоғамдық-саяси үдерістердің динамикасын және халықтың электоралдық белсенділік деңгейін талқылады. Дауыс беру қарсаңындағы азаматтардың көңіл күйіне, олардың сайлау үдерісіне қатысуына, сондай-ақ саяси партиялардың үгіт-насихат жұмысының негізгі бағыттарына ерекше назар аударылды.

Сараптамалық талқылауға Астана қаласының, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының қоғамдық-саяси, академиялық және ғылыми-зерттеу орталарының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес сектор мен азаматтық қоғамның өзге де институттарының өкілдері қатысты.

Отырысты Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Боқановаашып, сайлау науқанының қазіргі кезеңінің ерекшеліктеріне тоқталды. Спикер қазіргі сайлау науқанының маңызды ерекшеліктерінің бірі ретінде партиялардың бағдарламалары мен саяси ұстанымдарын ашық талқылауға мүмкіндік беретін, сайлаушылардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтіп, саяси бәсекенің мазмұнды дамуына ықпал ететін теледебаттардың өткізілуін атап өтті. «Сонымен қатар, сайлау – қоғамдық-саяси үдерістің соңғы нүктесі емес. Дауыс беру аяқталғаннан кейін қоғам алдындағы жауапкершілік одан әрі арта түседі. Сайлауалды кезеңде айтылған бастамалар мен азаматтардың сұраныстары нақты шешімдерде жалғасын табуы маңызды. Сондықтан сайлаудан кейін де мемлекет, саяси партиялар, азаматтық қоғам және сарапшылар арасындағы диалогты сақтау қажет», – деп атап өтті.

ҚҚДИ Институционалдық талдау және реформалар орталығының басшысы Риззат Тасым сайлау науқанының қазіргі кезеңіне шолу жасап, оның негізгі үрдістері мен өңірлердегі электоралдық үдерістердің ерекшеліктеріне тоқталды: «Азаматтар ел дамуының негізгі саяси бағдарларын кеңінен қолдайды. Стратегиялық мақсаттарға қатысты қоғамдық ұстанымдардың ұқсастығы ерекше мәнге ие. Бұл Қазақстан дамуының негізгі бағыттары бойынша орнықты қоғамдық консенсустың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай ортақ түсінік елдің ұзақ мерзімді мақсаттарын дәйекті әрі жүйелі жүзеге асыру үшін берік қоғамдық негіз қалыптастырады».

«Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ президенті Арман Елдесов қоғамдық сұраныстармен мазмұнды жұмыс істеп, салмақты шешімдер қабылдай алатын кәсіби Құрылтай қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. «Бүгінде азаматтар анағұрлым ақпараттанған, қоғамда болып жатқан қоғамдық-саяси үдерістерді жақсы түсінеді және саяси институттардың қызметіне саналы түрде баға береді. Сонымен бірге саяси өкілдіктің сапасына қойылатын талаптар да артып келеді. Бұл тұрғыда Ақтөбе азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейін және тұрғындардың қоғамдық-саяси күн тәртібіне қызығушылығын көрсетіп отыр», – деді сарапшы.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нарқазы Қартжан жастардың қоғамдық-саяси белсенділігінің жоғары екеніне назар аударып, студенттермен тұрақты жұмыс олардың нақты сұраныстарын, қызығушылықтарын және елде болып жатқан үдерістерге көзқарасын түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Жастармен тікелей жұмыс істей отырып, біз олардың сұраныстарын, қызығушылықтары мен үміттерін жақсы білеміз. Бүгінде жастар қоғамдық-саяси үдерістерді жіті қадағалап, өз ұстанымдарын ашық білдіреді және ел үшін маңызды мәселелерді талқылауға дайын. Біз жастардың саяси белсенділік деңгейінің айтарлықтай жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан олардың үнін естіп қана қоймай, жастардың елдің қоғамдық және саяси өміріне мазмұнды қатысуына жағдай жасау маңызды», – деп мәлімдеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button