«CREATIVE BATTLE: AI × ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР» САЙЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

«Анаға тағзым» орталығында ұлттық қолөнерді заманауи технологиялармен ұштастырып, креативті кәсіпкерлердің жаңа өнім әзірлеуіне мүмкіндік берген «Creative Battle: AI × Ұлттық қолөнер» сайысы өз мәресіне жетті. Хакатон және баттл элементтерін біріктірген жоба мақсаты – ұлттық мәдени мұраны сақтай отырып, жаңа идеялар негізінде Сыр өңірінің брендтік ерекшелігін айқындайтын, нарық сұранысына сай жаңа өнімдерді әзірлеуге қолдау көрсету.
Жоба аясында алдымен қатысушылар үшін акселерациялық кезең ұйымдастырылып, олар өз идеяларын жетілдіру, өнім тұжырымдамасын қалыптастыру және оны нарыққа бейімдеу бағытында практикалық жұмыстар жүргізді.
Ал іріктеу кезеңінде қатысушы командалар «Сырдан сый» тақырыбы аясында әзірлеген өнімдерін таныстырып, олардың Сыр өңірінің брендтік ерекшелігін қалай көрсететінін қазылар алқасының алдында қорғады. Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен «Creative queens», «Өрнек», «Korik-ai», «Тұмар», «Сыр өрімі» және «Aydia» командалары финалдық кезеңге жолдама алды.
Өңірдегі креативті индустрияны дамытуға бағытталған жоба ережесіне сай финалдық кезеңде қатысушылар ҚР Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне (ОКЭД) сәйкес дайын тоқыма бұйымдары, ұлттық киім және аксессуарлар, былғары бұйымдар, ағаштан және табиғи материалдардан жасалған бұйымдар, керамикалық тұрмыстық және сәндік бұйымдар, зергерлік бұйымдар сондай-ақ, кәдесый және өзге де дайын бұйымдар бағыттары бойынша өз жұмыстарын ұсынды. Дайын бұйымдарды қайта өңдеу арқылы жаңа өнім жасау қабілеттерін де танытты.
Қолөнер шебері, дизайнер және ЖИ маманынан құралған командалар жұмысы өнімнің креативтілігі, жасалу техникасы, сапасы, қаптамасы, көркем безендірілуі және маркетингтік құралдарды тиімді пайдалануы бойынша бағаланды.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар Бас жүлде, I, II және III дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Жүлде қоры 1 000 000 теңгені құраған жоба кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына, шығармашылық әлеуетін дамытуына септігін тигізіп, ұлттық қолөнер мен заманауи технологияның жаңа мүмкіндіктерін тоғыстырған креативті алаңға айналды.


