Новости

Таза Қазақстан – таза болашақ: Қызылордада тәртіп пен тазалыққа үндеген кездесу өтті 

Елімізде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету және азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Осы мақсатта «Таза Қазақстан» бастамасы аясында полиция қызметкерлері облыс орталығындағы № 11 учаскелік полиция пунктіне қарасты аймақ тұрғындарымен кездесті.

Кездесудің басты мақсаты – халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру және тазалыққа қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция полковнигі Ердаулет Жаукеев бастаған қызметкерлер тобы тұрғындармен ашық форматта әңгімелесіп, елді мекен аумағында тазалық сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Қоршаған ортаның тазалығы тек арнайы қызметтердің немесе коммуналдық мекемелердің жұмысына ғана байланысты емес. Бұл – бүкіл қоғамның белсенді қатысуын талап ететін маңызды мәселе.

Полицейлер тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамау, қоғамдық орындарды ластамау, аулалар мен көшелердің тазалығын сақтау қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар табиғи ресурстарға ұқыпты қарау, қоршаған ортаға зиян келтіретін әрекеттерге жол бермеу жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кездесу барысында азаматтарға тазалық пен абаттандыру талаптарын бұзған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделетіні түсіндірілді. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылық орын алғаннан кейін шара қолданумен қатар, оның алдын алуға ерекше мән берілетінін жеткізді.

Тұрғындар да өз тарапынан елді мекеннің тазалығын сақтауға қатысты ұсыныстарын айтып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Полиция қызметкерлері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, құқықтық тұрғыда түсініктемелер берді.

Полиция қызметкерлерінің тұрғындармен кездесуі тек құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатындағы шара ғана емес, халықпен тікелей байланыс орнатудың тиімді жолдарының бірі болып табылады. Мұндай кездесулер барысында азаматтар өзекті мәселелерді көтеріп, полиция өкілдерінен қажетті ақпарат ала алды.

«Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Полиция қызметкерлері тұрғындармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоршаған ортаны қорғау бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізе береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button