ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫН КҮЗЕТКЕН ҰЛАНДЫҚТАР

Қоғамдық тәртіп пен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің тұрақтылығы мен азаматтардың бейбіт өмірінің басты кепілі. Осы бағытта күн сайын қызмет атқарып жүрген Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің еңбегі қашанда жоғары жауапкершілікті талап етеді.
Жуырда Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев пен Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5547 әскери бөліміне арнайы барып, әскери қызметтің ұйымдастырылу барысымен және жеке құрамға жасалған жағдайлармен танысты.
Сапар барысында өңір басшылары әскери бөлімнің инфрақұрылымын, материалдық-техникалық базасын аралап, әскери қызметшілердің қызметтік және тұрмыстық жағдайына назар аударды. Сонымен қатар ұландықтардың жауынгерлік даярлығы, әскери тәртібі мен күнделікті қызметі жөнінде ақпарат алды.
Әскери бөлім – тек әскери қызмет атқаратын орын ғана емес, мұнда Отан алдындағы жауапкершілік, тәртіп, ұйымшылдық және кәсіби шеберлік қалыптасады. Сондықтан жеке құрамның жауынгерлік даярлығын жетілдірумен қатар, әскери қызметшілердің қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасау да маңызды бағыттардың бірі.
Өңір басшыларының сапары барысында құқықтық тәртіп әскерінің қару-жарағы мен әскери техникасының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде әскери қызметшілер арнайы құралдар мен техникалардың мүмкіндіктерін таныстырып, олардың қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі қолданылу ерекшеліктерін көрсетті.
Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметі – бейбіт күндегі ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Сапар барысында облыс және қала әкімдері әскери бөлімнің материалдық-техникалық базасымен, ұландықтардың жауынгерлік даярлығымен танысып, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы әскери қызметшілердің еңбегіне ризашылықтарын білдірді.
Сапар соңында Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев әскери бөлімнің «Құрметті келушілер кітабына» естелік жазба қалдырды. Өңір басшысы құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлеріне ел тыныштығын күзетудегі жауапты әрі абыройлы қызметтеріне табыс тілеп, Отан алдындағы міндеттерін жоғары деңгейде атқара берулеріне ізгі тілегін білдірді.
Ел тыныштығы – елдіктің ең басты құндылығы. Ал сол тыныштықты қорғау жолында қызмет етіп жүрген әрбір әскери қызметшіге жүктелер міндеттің салмағы зор. 5547 әскери бөлімінің ұландықтары да осы жауапкершілікті терең сезініп, ел игілігі мен халық қауіпсіздігі жолындағы қызметтерін абыроймен жалғастыруда.
Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі
Маратова Фатима
Бегалы Бекзат



