ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ ЗОР ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖОБАЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге өңірдегі жол инфрақұрылымы жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Мемлекет басшысы тамыз айында телекөпір арқылы «Қызылорда-Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» және «Бейнеу-Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын бастап беріп, тоғыз жолдың торабында тұрған еліміздің өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыттардың стратегиялық мәні айрықша екенін айтқан болатын.
Алдымен Қызылорда қаласының айналма автомобиль жолын қайта жаңғырту барысы таныстырылды. Бас мердігер «Қыран» серіктестігі қазіргі уақытта жол негізін төсеу, асфальтбетон қабаттарын салу және темірбетон су өткізу құбырларын орнату жұмыстарын жүргізуде. Жобаға 46,4 млрд теңге бөлінген, 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Ал «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолының учаскесін қайта жаңғыртуға 242,3 млрд теңге қарастырылған. «Integra Construction KZ» ЖШС құрылысқа 131 жұмысшы мен 82 техниканы жұмылдырған. Қазіргі уақытта жол бойында топырақтың құнарлы қабаты алынып, жер төсемі төселуде. Сонымен қатар жобалық шешімдер әзірленіп, инженерлік-геодезиялық зерттеулер атқарылуда.
«Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғыртудың ағымдағы жағдайы да назардан тыс қалмады. Жалпы 182,2 шақырым жолға 191,5 млрд теңге бөлінген. Құрылыс учаскелерінде 112 жұмысшы, 90 техника топырақ қабатын алу, төсеу жұмыстарына кіріскен. Нысан 4 учаскеге бөлінген.
Топографиялық-геодезиялық зерттеулер, топырақ карьерлерін барлау жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта топырақ үлгілеріне зертханалық талдау жасалып, трассаның, жол қозғалысы қауіпсіздігі нысандарының жобалық құжаттамасы әзірленуде.
«Ұлғайсын – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғыртуға 752,5 млрд теңге қарастырылған. Жоба аясында жұмыспен қамтылған 452 адам құрылыс учаскелерінде еңбек етуде.
Аталған жобалардың басты ерекшелігі – құрылыс кезінде көліктер бұрынғы жолмен жүреді. Жаңа жол толық салынып біткен соң көлік қозғалысы соған ауыстырылып, қолданыстағы жол қайта жаңғыртылады. Осылайша нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа бағдарлар еліміздің транзиттік әлеуеті мен логистикалық мүмкіндіктерін еселеп арттыратынын атап өтті. Жол сапасына қатысты айтылған өткір сыннан нәтиже шығару керек. Сондықтан бірінші кезекте жұмыстың сапасына жете мән беру қажет. Сапалы, барлық талапқа сай жол ұзақ уақыт пайдалануға жарайды. Бұл стратегиялық маңызы зор нысандар
Президентіміздің, Үкімет басшысының бақылауында», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы артып, ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін береді, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



