Павлодарда әйел мен екі баласы өлі табылды

Ақсудағы үйлердің бірінен әйел мен оның 5 және 7 жастағы екі баласының пышақталған мәйіті табылды. Оқиға орнына Павлодар облысының полиция департаменті мен прокуратура басшылығы шықты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Аймақ департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 шілдеде сағат 11.40-та қаланың кезекші бөліміне пышақ жарақаттары түріндегі зорлық-зомбылық белгілері бар адамдардың мәйіті анықталғаны туралы хабарлама түскен. Қазір криминалистер оқиға орнын тексеріп жатыр.
«Тәжірибелі жедел қызметкерлер, тергеушілер қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел қызметкерлер мен учаскелік полиция инспекторлары аулаларды аралап, куәгерлерді анықтау үшін тұрғындардан көргенін сұрастырып жатыр», – деді аймақ департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Ведомство мәліметінше, ҚР ҚК-нің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша соталды тергеу басталды.


