Елордада жыл басынан 18 бала көпқабатты үй терезесінен құлап кеткен

Нұр-Сұлтанда соңғы тәулікте үш бала көпқабатты үй терезесінен құлап кетті. Олардың ең кішісі төрт жаста, бала түрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханада жатыр, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Биыл 25 шілдеде сағат 17.39-да Күмісбеков көшесіндегі үйде төрт жасар бала 5-қабаттағы терезеден құлап кетті. Бала күтушінің үйінде болған. Бала терезеден құлап кеткен сәтті күтуші үйінде ұйықтап жатқан. Түрлі деңгейдегі жарақат алған бала ауруханаға жеткізілді. Баланың анасы Бурабайға демалысқа кеткені анықталды», – деді қалалық Полиция департаментінің өкілі тілшіге.
Тағы бір оқиға сол күні сағат 19.30-да болған. Полиция мәліметінше, 6 жасар қыз Қосшығұлұлы көшесіндегі үйдің екінші қабатынан жертөленің күнқағарына құлаған. Баланың әкесі осы уақытта көшеде болған.
«Сондай-ақ, 26 шілдеде аудандық полиция бөліміне ауруханаға 5 жасар бала жеткізілгені туралы хабар түсті. Тексеру барысында түнгі сағат бір шамасында кішкентай қыз С. Кубрин көшесіндегі үйдің 3-ші қабатындағы терезеден құлап кеткені анықталды. Түрлі деңгейдегі жарақаттармен бала реанимация бөліміне жатқызылды. Бұл уақытта баланың ата-анасы үйде болған. Бала өзінің бөлмесінде болған», – деді ПД баспасөз қызметіндегілер.
Полиция ақпаратына сүйенсек жыл басынан бері елордада көпқабатты үй терезесінен 18 бала құлап, бір бала көз жұмған.



