Астанада полицейлер күдіктілерді азаптағандары үшін сотталды
Елордада кінәсін мойындату мақсатында күдіктілерді азаптады деп айыпталған полицейлерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды basnews.kz astana.sud.kz-ке сілтеме жасап.
Елорда соты ресми сайтының хабарлауынша, судья Т., Ә., Ж. және М-ға қатысты үкім шығарды.
Сот мәліметіне сүйенсек, төрт сотталушының барлығы мүліктік қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу бойынша жедел-іздестірудің бұрынғы полиция қызметкерлері.
«Т., Ә., Ж. және М. полиция қызметкерлері бола отырып және мүліктік қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу бойынша жедел-іздестіру, жедел-профилактикалық, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізумен айналыса отырып, алдын ала сөз байласып, ұялы телефондарды ұрлау туралы мәліметтерді немесе мойындау айғақтарын алу және қорқыту мақсатында, қалта ұрлығын жасады деп күдіктелген төрт адамға қатысты бірнеше рет күш қолдану арқылы психикалық зардап келтірген», – деп жазылған іс материалдарында.
Сотта прокурор айыпты қолдап, сотталушыларды мынадай жазаға кесуді ұсынды:
Т., Ә., М-ны мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында 3 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айыра отырып, әрқайсысын 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру;
Ж.-ны мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында 3 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру.
Жәбірленушілер сотталушыларды судьяның қалауы бойынша заң талаптарына сәйкес жазаға кесуді сұрады.
«Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың, сот-психологиялық сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді», – делінген хабарламада.
Осылайша судья Т., Ә. және М.-ны Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1, 2) тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысын мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында 3 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
«Ж. Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды», – делінген Астана қаласы соты ресми сайтының хабарламасында.
Сотталушылардың қабылдаған антты бұзуы олардың жауаптылығын ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
Сонымен қатар төрт сотталушының барлығы арнайы атағынан айырылды: М. әрі Ж. – «Полиция аға сержанты», Ә. мен Т. – «Полиция сержанты».
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.