«Барыс» бейжіңдік «Куньлунь Ред Старды» жеңді
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды basnews.kz.
Елордалық команда биылғы маусымды сәтсіз өткізіп келеді. Қазір турнир кестесінде «Барыс» 21 ойыннан кейін 18 ұпаймен 20-орында тұрған еді. Алдағы уақытта плей-офф сатысына шығу үшін енді әрбір ойында жеңіс қажет.
Қытайлық команда турнир кестесінде «Барыс» қатарлас келеді. Олар үшін де әрбір жеңістің маңызы зор.
Кездесу барысында елордалықтар алғашқы болып есеп ашты – 7-минутта Давид Скленичка мергендік танытты.
Екінші кезеңнің 22-минутында «Куньлунь Ред Стар» сапынан Нолан Мойл таразы басын теңестірді.
Ал «Барыс» қатарынан Михаил Рахманов 24-минутта есепті үстемелесе, қытайлық клубтан Девин Броссо 53-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Барыстың» жолы болды.
Енді астаналық клуб 24 қазанда Ресейдің «Автомобилистімен» (Екатеринбург) шеберлік байқасады.