Ит аулаған ер адам жергілікті тұрғындарды шошытып жіберді
Қостанай News Ұзынкөл ауданының тұрғыны бетперде тағып, иттерді мылтығымен атып жүрген ер адамның видеосымен бөліскенін жазады. Видеода оқ тиген ит те бірден жан тапсырмай, біраз уақытқа дейін бұралып қиналып жатады. Сонымен қатар, видеодан ветеринарлық станцияның көлігі де байқалады. Инспекция қызметкері итті атуға рұқсаты бар екенін айтады.
Алайда, жергілікті волонтерлар жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы қолданыстағы заң бұл өңірде мүлде сақталмағанын атап өтті. Адамдар мен балалардың көзінше, комиссия рұқсатынсыз иттерді ату бұзушылық болып табылады. Сондай-ақ олар қаңғыбас жануарларды зарарсыздандыру, аулау және вакцинациялау жүйесінің кемшіліктерін де атап көрсетті.
Полиция ит ату фактісі орын алғанын растады. Итті атқан адамның жеке басы анықталды. Ол жеке жануарларды аулау компаниясының қызметкері болып табылады.
«Қазіргі уақытта фирмаға (заңды тұлғаға) қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 407-2-бабы, «Жануарларға жауапты қарау саласындағы ҚР заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік іс қозғалды. 30 АЕК немесе 103 мың 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетсек, Семейде мысық өлтірген 26 жастағы ер адам 90 сағатқа қоғамдық жұмысқа жегілді.
https://www.instagram.com/reel/Cy0M14INHHs/?utm_source=ig_web_copy_link