
Елордадағы MEGA Silk Way СОО-ның Chaplin кинотеатрында Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған «Түрік киносы күндері» басталды. 30 қарашаға дейін жалғасатын іс-шараны «Yerli Düşünce» қауымдастығы ТР Мәдениет және туризм министрлігінің Кинематография бас басқармасы мен Түркияның ҚР-дағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Ашылу рәсіміне Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу, Түркия Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Аймахан Алтынбай, сондай-ақ танымал түрік кино өнерінің қайраткерлері қатысты.

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу өз сөзінде түрік кинематографиясының әлемдік аренадағы табысына тоқталып:
«Түрік киносы бүкіл әлемдегі танымалдылығының арқасында түрік тілі мен мәдениетін жаһанға танытып келеді. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан Гүндоғду мырзаға, министрлігімізге, Қазақстан мемлекетіне және құрметті қонақтарымызға алғыс айтамын», – деп атап өтті.

Қазақстан тарапынан сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Кинематография басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аймахан Алтынбай екіжақты мәдени жобалардың маңызын айта келе, бауырлас елге ризашылығын білдірді:
«„Қорқыт ата“ кинофестиваліне қатысқан қазақстандық фильмге көрсеткен жоғары құрметтеріңіз үшін зор алғыс айтамыз. Оған қоса, ұлттық кинематографтың негізін салушылардың бірі Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орайластырылған іс-шараларға қосқан үлесі үшін Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің өкілдеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз», – деді Аймахан Алтынбай.

Өз кезегінде Бирол Гүвен ортақ тіл, дін мен мәдениетке ие бауырлас халықтардың кино саласындағы әріптестігі арта беретініне сенім білдірді. Фестиваль аясында 99-шы «Оскар» сыйлығына ұсынылған «Kesilmiş Bir Ağaç Gibi» туындысын қоса алғанда, барлығы алты фильм Chaplin кинотеатрында (MEGA Silk Way) қазақша субтитрмен тегін көрсетіледі.




