BasNewsЖаңалықтар

Еліміздің бірнеше қаласында Масленица мерекесі тойланды

Осы демалыс күндері еліміздің бірнеше қаласында масленица мерекесі атап өтілді. Биыл бұл мейрам 8-14 наурыз күндеріне тұспа-тұс келді, деп хабарлайды BasNews.kz.

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы Достық үйінде Масленица мерекесіне орай шаралар ұйымдастарды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанда тұрып жатқан этностардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін құрметтеу, олардың мәдениетаралық үлгісін көрсету, қоғамдағы халықаралық келісімді және тұрақтылықты нығайту.

Мерекеге Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған 9 депутат, Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің өкілі мен Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясаты басқармасының басшысы қатысты. Шара барысында мерекеге орай пісірілген мың құймақ таратылып, ыстық шай берілді.

Концерттік бағдарлама кезінде «Кукла-Масленица», «Богатырь» бейнебайқаулары мен балалар арасында өткен шығармашылық конкурстың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғысхаттар табыс етілді. Концерттік бағдарлама аяқталғаннан кейін Достық үйінің алдына қойылған сабан қуыршағын өртеу рәсімі болды.

Сонымен қатар Тараз қаласының Достық үйінде де Масленица мерекесі атап өтілді.

Іс-шараны «Радонеж» орыс қауымдастығы, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. Мерекелік жиынға «Радонеж» орыс қауымдастығының ұжымдары, №2 жалпы орта білім беру мекемесінің мұғалімдер құрамы мен оқушылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері – «Днипро» украин этномәдени орталығы, «Айнуры» татар-башқұрт этномәдени орталығы, Жамбыл облысының немістер қоғамы, облыстық орыс драма театрының шығармашылық топтары, балалар шығармашылығы орталығының би ұжымдары мен әншілері, сондай-ақ облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында қонақтар «Широкая Масленица» театрландырылған қойылымын тамашалап, дәстүрлі орыс құймақтарынан ауыз тиді. Іс-шара соңында Достық үйі ғимараты маңында сабан қуыршағын салтанатты өртеу рәсімі өткізілді.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласының Достық үйінде де «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігі және «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Масленица мерекесі өтті.

«Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова мерекенің мән-мағынасын түсіндіріп, оған атсалысқан барша жандарға алғыс айтты. Шарада этномәдени бірлестік жетекшілерінің қатысуымен түрлі ойындар өткізілді. Сондай-ақ, тәттілер мен қолөнер туындылары көрмеге қойылды.

Масленица мерекесінің дәстүрлі тағамы құймақ қатысушыларға тегін таратылды. Шара соңында қуыршақ жағу рәсімі болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button