BasNewsЖаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік полицейлерге жаңа автокөліктер берілді

Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті полиция қызметінің автопаркі 86 жаңа көлікпен толықты, деп хабарлайды BasNews.kz.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,86 отандық автокөлік облыстық бюджет есебінен лизингілік қаржыландыру аясында сатып алынды. Барлық көліктер учаскелік полиция инспекторларының жұмысына арналған. Сатып алынған көліктердің басым бөлігі ауылдарға жіберіледі. Елді мекендерде бір учаскелік полиция инспекторы бірнеше ауылға қызмет көрсетеді. Әкімшілік учаске 100 шақырымға дейін созылуы мүмкін.

«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басымдықты міндет. Материалдық-техникалық базаны жақсарту және заманауи техникалармен жабдықтау оң нәтижелерін беріп жатыр. Соңғы 5 жылда қылмыс санының азайғанын байқаймыз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қазақстан полициясы күні қарсаңында өңір басшысы жұмыста жоғары көрсеткіштермен ерекшеленген қызметкерлерге грамоталар мен алғыс хаттар табыстады.

«Президент өз Жолдауында жұмыстың сервистік моделіне көшу аясында «жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыру міндетін қойды. Яғни учаскелік полиция инспекторының жауапкершілігі артады, алайда оның нәтижелі жұмысы үшін барлық мүмкіндіктер жасалуы керек. Осы тапсырманы орындау үшін өңірде қызметтің бұл түрін материалдық-техникалық жағынан нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл өз кезегінде полицейлердің мобильді болуына ықпал етеді», – деді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.

СҚО-да 289 учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді, оның 88-і облыс орталығында. Жыл басынан олар 800-ден астам қылмыстың бетін ашып, 30 мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады.

Тұрғылықты жері бойынша үнемі тексеріліп отыратын шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, бұрын сотталғандар ерекше бақылауға алынған. Сондай-ақ, маскүнемдер, нашақорлар, отбасылық жанжалқойлар да назарға алынған. Жыл басынан 113 солтүстікқазақстандық маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге жіберілді. 6220 адам учаскелік полиция инспекторларының профилактикалық есебінде тұр.

Учаскелік полицейлердің басым бөлігі видеожетондармен және планшеттермен жабдықталған. Бұл, жұмысты барынша тиімді, жедел және ашық етеді.

Back to top button