Қызылордадағы балалар ойын-сауық орталығында жарылыс болды

Қызылордадағы балалар ойын-сауық орталығында жарылыс болды. Орталықтың бірінші қабаты өртке оранды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Жарылыс бүгін сағат 7.20 шамасында болған.
«Жарылыс толқыны салдарынан ойын-сауық орталығының маңындағы 50 шаршы метр аумақта орналасқан ағаш сарай мен шатыр опырылып, Жеңіс көшесіндегі көрші үйдің терезелері де бүлінген.
Өрт қызметінің бірінші бөлімшесі оқиға орнына жергілікті уақыт бойынша 7.24 -те келді, барлаудан кейін өртті сөндіруге кірісті. Жарылыс салдарынан өрт 200 шаршы метрлік балалар ойын-сауық орталығының бірінші қабатын шарпыған», – делінген хабарламада.
Құтқарушылар өртті 7.44-те оқшаулап, 8.15-те толығымен сөндірді. Өрт 200 шаршы метр аумақты шарпыған.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Өрттің шығуының алдын ала себебі – табиғи газдың шығуы», – деді ТЖД өкілі.
Өртті сөндіруге Қызылорда облысы ТЖД-ның 48 қызметкері мен 12 техникасы, полиция департаментінің 8 қызметкері мен 3 техникасы, жедел медициналық жәрдем бригадасының 9 қызметкері мен 3 техникасы, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның 2 қызметкері мен 1 техникасы, «ҚЭТК» АҚ-ның 2 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.



