Қазақстанда карантинді бұзғандардың есімі БАҚ-та жарияланады

Ashyq-та «қызыл» мәртебесі бар ережебұзушылар тізімі БАҚ-та жарияланады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
21 шілде күні Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының тарауына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысы өтті. Оған премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 шілдедегі елдегі эпидемиологиялық жағдай жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалуын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
«ВАК Ashyq-та «қызыл» және «сары» мәртебесі бар адамдарға қатысты шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдады. Енді карантин режимін бұзған «қызыл» мәртебесі бар тұрғындардың есімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, вице-премьер Ералы Тоғжанов мемлекеттік органдардың басшылары мен өңір әкімдіктеріне иммундау тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинамен қамтуды арттыру туралы нақты тапсырмалар берді.
Вице-премьер мемлекеттік орган өкілдерінің баяндамаларын тыңдап, қысқа мерзімде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша келесі шараларды қабылдауды тапсырды:
- жаңа штамдардың пайда болуын ескере отырып, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел іс-қимылдардың нақты жоспарын әзірлеу және енгізу;
- «QazVac» отандық вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу және оны одан әрі үшінші елдердің нарықтарына шығару мәселесін пысықтау, осы бағытта нақты жол картасын әзірлеу;
- карантиндік шектеулерді сақтауға қойылатын талаптарды қатаңдату мәселесін пысықтау;
- вакцинациялау қарқыны төмен өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі бригадаларды қалыптастыру;
- коронавирусты диагностикалау мен емдеу хаттамаларына сәйкес реанимация бөлімшелері мен жедел медициналық көмек қызметтерін қосымша жарақтандыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар енгізу;
- коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін «Ремдесивир» препаратын орталықтандырылған сатып алу мәселесін шешу жөнінде шаралар қабылдау;
- Ішкі істер министрлігі басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалған вакцинациялау паспорттарын жасаудың жолын кесу жөніндегі ведомствоаралық арнайы топ құрсын;
- Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Атамекен» Ұлттық палатасымен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бизнес субъектілерін «Ashyq»бағдарламасына енгізу жөніндегі талаптарды жеңілдетсін.



