Мароккода төрт күннен бері бес жасар бала құдықта отыр
БАҚ-тың хабарлауынша, бала тірі, бірақ басынан жарақат алған. Құдықтың жоғарғы жағынан оған су мен тамақ жіберілді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.


Оқиға орнында полиция және жедел жәрдем қызметкерлері көмекке әзір тұр. Баланы алып шыққан бойда тікұшақпен жақын қаладағы ауруханаға жеткізеді.
Баланың әкесінің айтуынша, ол ұлы жоғалып кеткеннен кейін бірнеше сағат оны іздеген, содан кейін құдыққа түсіп кеткенін түсінген.
«Баламның аман-сау құтқарылуын Құдайдан тілеп отырмын. Құдайым, осы шаңды шұңқырда жағдайын ауырлата көрме», – деді жергілікті телеарнаға берген сұхбатында баланың анасы Вассима Харшиш.
Кеше еріктілер құдықтың ішіне жіп арқылы оттегі мен суды түсірген.
«Мен баламен сөйлестім. «Мені естіп тұрсың ба?» – деп едім, бала жауап берді. Камера арқылы 1 минуттай қарап тұрдым, бала оттегіні қолына алды», – дейді Қызыл Крест және Жарты Ай еріктісі Имад Фахми.




