Шымкентте 493 азаматтың үйді жалдау ақысын субсидиялау өтінімі мақұлданды

Сәуір айында Президент тапсырмасына сәйкес азаматтардың жекелеген санатының баспана мәселесін жедел шешу мақсатында жалға алған тұрғын үйді субсидиялау тетігі іске қосылды. Мұндай игілікті көпбалалы отбасылар,І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын мүгедек балалары бар отбасылар пайдалана алады.
Өтінімдер Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 2022 жылдың 18 сәуірінен бастап қабылданған болатын. Қазіргі таңда тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша баспана кезегіндегі 493 азаматтың өтінімі мақұлданды. Жалға алған үйді субсидиялау қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Яғни жалға алған үйдің 50 пайызы мемлекеттік субсидия есебінен жабылады да, қалған 50 пайызын көмек алушы өзі төлейді.
Бүгін Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева 40-қа жуық азаматты қабылдап, баспана мәселесіне қатысты түсіндіру жұмысын жүргізді.
Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар қатыса алады.
Баспана ақысын субсидиялау үшін үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 36 018 теңге 01.01.2022 ж. жағдай бойынша) аспауы тиіс.
Бүгінде өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн түрде қабылдануда. Сонымен қатар, субсидия алуға үміткердің «Отбасы банкте» депозиттік шоты болуы тиіс.
Азаматтар тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша қосымша ақпаратты Бейбітшілік 3, мекенжайында орналасқан «Amanat» партиясының қалалық филиалындағы «Отбасы банк» қызметкерлерінен алуға болады.
Айта кетейік, бүгінде елімізде шамамен 600 мың адам кезекте тұр. Оның 215 мыңы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. Олар – көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар.



