Қайтарымсыз гранттың көмегі

Шымкент қаласының тұрғыны Ұлжалғас Керімқұловаға өткен жылы желтоқсан айында 200 АЕК (583 000 тг.) мемлекеттік грант тағайындалған. Ол 29 жасқа дейінгі санат бойынша үміткер ретінде қатысып, тиісті құжаттарын өткізіп, комиссия мүшелерінің алдында бизнес жоспарын сәтті қорғаған. Алған қаражатына әсемдік салонына қажетті бірнеше құрал-жабдық сатып алып, бүгінде қыз-келіншектерге қызмет көрсетіп, табыс тауып отыр.
– Бір жағынан, алғашқы уақытта істеп жүрген жұмысымды кәсіп немесе бизнес деп қараған жоқпын, мен оны хоббиім деп ойладым. Аз ақшамен де кәсіп бастауға болады. Бастысы- ниет болу керек. Қазір осы кәсіптің арқасында аяққа нық тұрып келемін. Мұнымен тоқтап қалмақ емеспін. Кәсібімді дамытсам деймін. Қандай саланы болсын мықты меңгергенмін деп айта алмаймын, бірақ меңгеруге тырысамын. Өйткені жыл сайын түрлі өзгеріс болып жатады. Өнер саласында, басқа салада болсын, біз соның бәрін біліп отырамыз және уақытында бірге жаңарып отырсақ, сол маңызды. Оқы, оқы және оқы дейді ғой. Үйрену, оқу – бітпейтін процесс.
Өткен жылы Шымкентте 700-ден астам азамат грант иегері атанып, кәсіптерін жүргізіп отырса, ағымдағы жылы 1000-нан астам азамат мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көреді деген жоспар бар. Кәсіпке жаңадан аяқ басқан кез келген адам оңай олжа, сиқырлы таяқша болмайтынын түсінуі керек. Оған қоса кәсіпті эмоциямен емес, саналы түрде бастаған дұрыс. Айлықтан айлыққа күнелткен қарапайым қызметкер жеке кәсіп ашып, өзіне жұмыс істеуді қалайтыны анық. Жалақысын азсынған азаматтар мен тұрақты жұмыспен қатар жеке бизнесін жүргізуге қызығушылық танытқандардың қатары да аз емес. Дегенмен көп ретте идея ойға оралғанымен, іс жүзінде орындалмай жатады. Көпшілік бизнес ашуды ойлайды, бірақ біліктілік пен қалтаның жұқалығы мақсатқа жетуге кедергі келтіреді.



