Санитарлық тазалық жұмыстары – басты назарда

Шымкент қаласының барлық аудан аумағында санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты назарда. Бүгін, аталмыш жұмыстар Еңбекші ауданы аумағында орналасқан көшелердің санитарлық тазалау жұмыстары кестеге сәйкес атқарылды.
Айта кетсек, аудан аумағындағы көшелерде ирригациялық арықтар мен аяқ жолдар, аялдамалар аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, ауданда ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілді. Аталған аудан көшелерінде жол белгілерін жауып қалған және электр желілеріне тиіп тұрған талдардың бұтақтары кесілді. Бұл жұмыстар Шымкент қаласы Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының нұсқамасына сәйкес атқарылуда.
Сонымен қатар, ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары ауданның көпқабатты үйлерінің ауласында да жүргізілуде. Себебі ағаштың өсіп кеткен бұтақтары жел соқса электр сымдарына зақым келтіріп, апатты жағдай туғызуы мүмкін. Аудан аумағындағы аулалардағы ағаштарды ретке келтіру және кесу жұмыстары тұрақты түрде жалғасын таппақ.
Сондай-ақ, аудан аумағындағы қоқыс контейнерлерінің айналасындағы бей-берекет қоқыстарды тазалау жұмыстары қарқынды түрде атқарылуда.
– Біз өзіміз отырған елді мекенімізді, бізді қоршаған ортаны қадірлеуді үлкеніміз бар, кішіміз бар, жаппай үйренуіміз керек. Әрбір отбасында жас сәбилерге, балаларға үйді, ауланы, көшені таза ұстауды, әрдайым тазалықты сақтауды үйрете білуіміз керек. Тазалықты сақтау қоршаған ортаны аялаудан бастау алады.
Тазалық, қоршаған ортаның ластанбауы – денсаулық кепілі. Сондықтан, тазалық, абаттандыру, көгалдандыру мәселесін әрбір жекелеген тұрғын міндетім деп санап, тазалықты өзінен, өз ауласынан бастаса деп ойлаймыз. Бұл қоғамға жасалған, түптеп келгенде өзімізге, ұл-қыздарымызға жасалған қамқорлық болып шығар еді,- дейді Еңбекші ауданының тұрғыны Е.Кеңесбай.
«Тазалық – саулық негізі» дейді дана халқымыз. Тазалықты сақтау, оған айрықша мән беру – әрбір адамның туған жеріне деген жанашырлықты қажет етеді.
Құрметті қала тұрғындары қала тазалағын сақтайық. Қаламызды бірге көркетейік!



