Кентауда кірпіш зауыты ашылды
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау тұрғындарымен есептік кездесу алдында арнайы экономикалық аймақ аумағындағы жаңа кірпіш зауытының жұмысымен танысты. Жобаны «Almaty NS Group»ЖШС жүзеге асырады.
Зауытта айына 3 млн керамикалық кірпіш шығарылады. Зауыт құрылысы және оны қажетті жабдықтармен жабдықтау үшін 1 млрд 720 млн теңге инвестиция салынды. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін мұнда жылына 45 млн кірпіш шығарылады.
Кәсіпорынның құрылысы 2021 жылы бастауын алды. Қазір зауыт кірпіштің алғашқы партиясын шығаруға кірісіп кетті. Мамандардың айтуынша, алдағы бірнеше жылда кірпіш өндірісі жылына 4-5% – ға өседі. Зауытта 50 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Кәсіпорынды аралағаннан кейін өңір басшысы Кентау тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдады. Сәуір айындағы кездесу кезінде көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқаны атап өтілді.
Кентау табиғи газбен қамтамасыз етілген, қала аумағында тұтынушылар санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға техникалық шарттарды алу үшін 1981 тұтынушы жүгінді. Облыстық маңызы бар КХ-56 «Жамбыл облысының шекарасы – Құмкент – Шолаққорған – Ащысай – Р – 31» автомобиль жолына 76-91 км (Ащысай және ойық ауылдары арасында (15 км) орташа жөндеу жүргізілуде. Жұмыс тамыз айында толығымен аяқталады, нысан қазан айында пайдалануға беріледі.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 50 мүгедектер арбасы бөлінді. Көпфункционалды әмбебап кресло-арба қала тұрғынына әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылды.
– Кентау – біздің өңіріміздің жалғыз моноқаласы. Мұнда әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты. Негізгі салаларда өсім байқалады. Халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Жалпы Кентауды табиғи газбен қамтамасыз ету процесі үш кезеңнен тұрады. Қала бойынша 18 мың абонент газға қосылды, оның ішінде бірінші кезеңде – 11 300 адам, екінші кезеңде – 3500, үшінші кезеңде – 3200 абонент, – деді облыс әкімі.
Бүгінгі таңда газдандырудың бірінші кезеңі бойынша жұмыстар толығымен аяқталды. Газбен жабдықтаудың екінші және үшінші кезеңдерінің объектілерін тексеру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобалар тамыз айының соңына дейін аяқталмақ.