BasNewsЖаңалықтар

Шымкентте әлеуметтік нысандардағы интернет мәселесі шешілуде

Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов цифрландыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту саласында атқарылған жұмыстар мен 2022 жылға арналған жоспардың орындалу барысымен бөлісті.

Шымкентте биыл 15 елді мекенді талшықты оптика желісімен қамтамасыз ету жоспарға енгізілді. Бүгінде, инвестор тарапынан Самал-3, Забадам, Қазығұрт, Құрсай, Қарабастау, және Солтүстік – Батыс елді мекендерін толық талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары атқарылды. Қазіргі таңда, инвестор тарапынан Қызылжар мен Ақниет елді мекендерін оптика желісімен қамту жұмыстары атқарылуда.

Тиісті жұмыстар атқарылса жыл соңына дейін 165 303 қала тұрғындарына сапалы интернет қолжетімді болады.

Сонымен қатар, қала аумағынан шалғай орналасқан елді мекендердегі мектептерді жоғарғы жылдамдықтағы интернетпен қамту жұмыстары жоспарға енгізілді. Бүгінде инвестор тарапынан Асар-2 маңынан жер телімін алу үшін портал арқылы өтінім беріліп, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан рәсімдеу жұмыстары атқарылуда. Егерде, Асар-2 маңына базалық станцияны орнатқан жағдайда радиусы 30 км қамтитын болады. Бұл өз кезегінде қала аумағындағы интернет мәселесі туындаған мектеп, бала-бақша сияқты әлеуметтік нысандардағы интернет мәселесін шешетін болады.

Қала орталығындағы көшелерді де оптика желісімен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды. Бүгінде, «Fishnet» ЖШС мен бірлесе қала орталығындағы 80 көшеге (260  км абоненттік кабел тартылды) талшықты оптика желісі жүргізіліп, 9000 ға жуық үйге интернет желісіне қосылуға мүмкіндік жасалынды. Қазіргі таңда, өтінім қалдырған 500 ге жуық үйді сапалы интернетке қосу жұмыстары атқарылды. Ал, ағымдағы жылдың соңына дейін қосымша 8 елді мекенді оптика желісімен қамтамасыз ету жоспарлануда. Олар: 112 Орам, Самал-1, Самал-2, Наурыз, Бам, Тараз, Төменгі Отырар, Нұртас шағын аудандары. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін атқарылып 12 000 тұрғын үйге оптика желісіне мүмкіндік жасалынатын болады.

Сонымен қоса, Израйлдық «Radwin» компаниясының Қазақстандағы филиалымен келіссөздер жүргізу нәтижесінде FWA технологиясымен Тұрлан экспедициясын (Ынтымақ-1,2 және Нұршуақ) жоғарғы жылдамдықты интернет желісімен қамту жоспарға енгізілді. Бүгінде, компаниямен бірлесе пилоттық жобамен Ынтымақ-2 шағын ауданындағы 10 үйге интернет желісін қосу жұмыстары атқарылуда. Тиісті жұмыстар жоғары нәтиже берсе жоғарыда аталған 3 елді мекенді FWA технологиясын қолдану арқылы сапалы интернетпен қамту жоспарлануда.

Back to top button