BasNewsЖаңалықтарПікір

«Халық сұрады». Желтоқсанда бір күн кеміді

Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастауға бағытталған заң жобасын мақұлдады. 

Ел қалауларының пікірінше, бұл шешім – халықтың сұрауы.

«Бүгін Мәжіліс депутаттары бірнеше өзгерістерді мақұлдады. Бірінші өзгеріс – 25 қазан Республика күнін Ұлттық мереке санатына жатқызу. Екіншісі – 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мейрам санатынан алып тастау. Енді өздеріңізге белгілі – бұл қоғамның сұранысы. Көптеген азаматтар дәл осы мейрамды қабылдаған жоқ. Айтарым, бұрынғы саясаткерге қатысты мәселелердің барлығына төреші тарих болады. Сондықтан, менің ойымша, бұл мейрамды бүгінгі таңда алып тастау өте орынды және халықтың сұранысына сәйкес келеді», – деді депутат Ерлан Сайыров.

ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты болған «100 Жаңа есім» жобасының жеңімпазы, ақын Мақпал Мыса да өз пікірімен бөлісті:

«1 желтоқсан мерекесін алып тастау туралы мәселе халық тарапынан көп көтерілді. Әсіресе қаңтар оқиғасынан кейін дау ұлғая түскенін жақсы білесіздер. Оның үстіне Ата заңымыздағы супер президенттік нормалар алынып, мемлекет мүддесін жеке мүддеден жоғары қоя білу ұстанымын таңдаған мемлекет үшін, бұл шешім маңызды екені анық.

Ал, 25 қазан декларациямыз қабылданған тарихи күн. Оның қайта оралуы – мемлекеттігіміз үшін, ұлттық болмысымыз үшін қабылданған шешім».

Айта кетейік, Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында қамтылған.

Back to top button