Түркістан облысы

ЮНЕСКО бастамасымен Түркістанда әлемнің 20 елінен 60 халықаралық сарапшы конференцияға жиналды

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра объектілерін басқару, сақтау және қалпына келтіру, туризм маркетингі және Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы мен еңбектерінің түркі халықтары үшін рөлі мәселелерін талқылау үшін халықаралық конференцияға 400-ден астам делегат жиналды.

Ежелгі Түркістан жері «Түркі әлемінің бесігі» мәртебесіне ие болуы заңдылық. 2021 жылы Түркістан декларациясын қабылдаған Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық Кеңесінің бейресми саммиті Түркістанды Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Саммит аясында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің көшбасшыларына маңызды үндеу жасады. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен, Қожа Ахмет Ясауи мен қасиетті Түркістан мұрасын бүкіл әлемге таныстырудан бастауға шақырды.

Ясауидің мұрасы Қазақстаннан тыс жерлерде де белгілі. Адамзаттың шабыт көзі бола отырып, ол рухани ойлар үшін азық беріп қана қоймай, ғалымдардың ұрпағын тәрбиелеудің негізіне айналды. Әлемнің әртүрлі елдерінде сақталған ұлы түркі ойшылы мен оның ізбасарларының еңбектері көптеген Ясауитану ғалымдарының ғылыми зерттеулерінің тақырыбы болып отыр.

2016 жыл ЮНЕСКО-ның «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жарияланды.

Қожа Ахмет Ясауи құбылысын танудың материалдық көрінісінің сәулеттік таңғажайыбы – ханакада қабірханасындакөрсетілген, ол Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылған және 2003 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Осы зәулім ғимараттың және оның айналасындағы кесенелер мен ежелгі Ясы-Түркістанның архитектуралық-археологиялық кешенінің қирандыларының барлық бірегей элементтері ойшылдың ұлылығын және оның түркі әлемі елдері үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін айрықша маңызын көрсетеді.

– 2018 жылы Түркістан облыс орталығы атанып, қаланың екінші тынысы ашылды. Қалада көптеген тарихи, мәдени нысандар бой көтеріп, тек қала тұрғындарына ғана емес, туристеріне де қызмет көрсетіп келеді. Конференцияға мәдениет және тарихи ескерткіштерді сақтау мақсатында 20 мемлекеттен 60-қа жуық сарапшы мен ғалымдар жиналып, олардың пікірлері ортаға салынады. Бүгінгі жиын ескерткіштерді зерттеу саласындағы көптеген кемшіліктерді жоюға және халықаралық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Біз үшін әрбір ғалымның, тарихшының пікірі маңызды. Туризм саласын дамытуда бүгінгі жиынның да маңызы зор деп есептеймін. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдардың бастамаларына әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл кездесу нақты ұсыныстарды әзірлеу үшін тиімді платформа болып, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға жаңа серпін береді деп үміттенемін!, – деді Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.

Ал Италияның Қазақстандағы елшісі Марко Альберти: – Менің бұл іс-шараға келуіме 3 себеп бар. Алғашқысы Италия Қазақстанмен бірге өсіп, дамығысы келеді. Өйткені Қазақстан өте қарқынды дамып келе жатқан және мәдени мұраны сақтап келе жатқан дамушы мемлекет. Ал екінші себеп, Италия экономикасына туризмнен 93 млрд. еуро пайда түсіп отыр, оның бестен бірі мәдени туризм саласынан. Үшінші себеп «Италияда жасалған» деген түсінік тек әдемі киім үлгілері немесе қымбат көлік емес, бұл креативті өндіріс деуге болады. Италияның ірі компаниялары Түркістанда жұмыс істеуге дайын. Солардың бірі «ARM WIND» компаниясы, – деді.

Сондай-ақ, ашылу салтанатында сөз алған Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев: – Бүгін өздеріңізбен кез келген ұлттың өткені мен бүгіні және болашағы үшін аса маңызды шарада бас қосып отырмыз. Мұндай шараның Түркістан қаласында өтуінің өзі символикалық мәнге ие. Себебі қасиетті шаһар Түркі әлемінің рухани астанасы және түркі халықтары мәдениетінің жүрегі саналады. Туризм Қазақстан экономикасының маңызды саласы. Қазақстанның әрбір аймағы туризм ошағы болып саналады. Түркістан қаласынан бөлек, осы облыста Сауран, Бәйдібек, Түлкібас, Сайрам секілді жерлер де киелі әрі туристік орындар деуге әбден болады, – деп жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, халықаралық конференция аясында бірқатар меморандумға қол қойылды. Атап айтсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы мен Шығыс Азияның Турин археология мен археологиялық қазбалар орталығы, сонымен қатар Халықаралық туризм және меймандостық университеті мен Халықаралық ортаазиялық зерттеу институты, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы арасында меморандумға салтанатты түрде қол қою рәсімі өтті. Бұл тараптар арасында өзара ынтымақтастық пен байланысты нығайтуға зор ықпал етеді.

Түркістан облысының әкімдігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің, халықаралық серіктес ұйымдардың (ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросы, МИЦАИ, IRCICA), университеттердің (Халықаралық туризм және меймандостық университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті) және «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығыныңжан-жақты қолдауларымен ұйымдастырған «Ескерткіштерді қорғайтын халық» құнды мұра, қасиетті орындар мен тұрақты туризм бойынша халықаралық конференциясы«Ясауитану» ғылыми бағытының жетістіктері мен даму перспективаларын талқылау және пікір алмасу үшін түрлі бағыттар мен мектептердің ғалымдарына платформа ұсынып қана қоймай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау саласындағы әдістер, тәсілдер мен шешімдерді талқылауға арналып отыр.

Түркістанның рухани және сәулеттік мұрасы діни және қажылық туризм ағымдарын қалыптастырудың негізі болып табылады. Туристік кластерді және онымен байланысты мұра объектілерін басқарудың күрделілігі туризмнің дамуын жалғастыруға, сонымен бірге тәуекел аймақтарын белгілеуге және олардың әсерін азайтуға мүмкіндік беретін негізгі нормаларды әзірлеу қажеттілігіне әкелді. Осыған байланысты, Халықаралық бастаманың маңызды құрамдас бөлігі «Киелі маңызы бар объектілерде тұрақты туризмді дамыту» Түркістан Декларациясын қабылдау болып табылады.

Халықаралық конференцияға 400-ден астам адам, оның ішінде әлемнің 20 елінен 60 сарапшы қатысады.

Пленарлық отырыстың тақырыбы тарихи қалалық ландшафттар: туризмді дамыту және нысандарды сақтауболып табылады. Ағымдағы жылдың 26 қазан күні «Киелі нысандар мен қажылық маршруттарындағы туризмді дамыту ерекшеліктері», «Орталық Азиядағы киелі орындардың тарихы», «Мәдени мұра объектілерін басқару», «Киелі нысандардағы туризмді ілгерілету және маркетинг: үздік тәжірибелер мен ұсыныстар» тақырыбында сессиялары жұмыс істейтін болады. Ал, 27 қазан күні«Киелі туризм саласындағы білім беру мекемелерінің халықаралық ынтымақтастығы», «Түркі халықтарының мәдениетіндегі рухани қабаттар», «Киелі мұра объектілерін сақтау, қалпына келтіру, құжаттаманы жүргізу», «Ортағасырлық қолжазбаларды зерттеу» тақырыптары қамтылады. Сондай-ақ, қатысушылар басқару бойынша«ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны үшін жоспар менеджментін әзірлеу (менеджмент жоспарын әзірлеуде HUL тәсілдерін қолданудың)»практикалық семинарына қатыса алады.

Back to top button