BasNewsЖаңалықтар

Талғарда мектептен 1000-нан аса адам эвакуацияланды

Талғар қаласында №3 орта мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламадан кейін ғимараттан мыңнан аса адам эвакуацияланды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

«Кейбір оқушылар күртешелерін киіп үлгермеді. Сыныптарда сөмкелер мен заттар қалды. Ата-аналарға балаларын алып кету үшін хабарламалар жіберілді. Дереккөздер бомба туралы жалған ақпарат тарағанын айтады. Әзірге билік ресми түсініктеме берген жоқ», – делінген kris_p_talgar Instagram парақшасында.

Облыстық ПД белгісіз біреу мектептің электронды поштасына білім ордасына жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабарлама жолдаған.

«23 қарашада сағат 14:45-те Алматы облыстық Полиция департаментінің кезекші бөліміне Талғар қаласы №3 орта мектебіне бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Соған байланысты аталған орта мектептен 1000 оқушы, 90 мұғалім және 25 техникалық персонал эвакуацияланды», – деп көрсетті Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.

Back to top button