BasNewsЖаңалықтар

Көкшетауда 90 адамға шара өткізген мейрамхана иесі жазаланды

Көкшетау қаласының прокуратурасы Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Жарлығымен бекітілген шаралар мен уақытша шектеулерді жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуы мақсатында мобильдік топ құрды. Бұл туралы Basnews.kz Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мобильдік топ құрамында прокурор, полиция, денсаулық сақтау, санитарлық қызмет және басқа да мүдделі органдардың қызметкерлері бар.

Рейд барысында ағымдағы жылдың 25-ші наурызында сағат 21:00 шамасында Әуезов көшесі 185 «Б» мекенжайы бойынша орналасқан «Smokings» кальян қызметінің жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен мекеме иесі ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Оған 5 тәулік мерзімге қамауға алу жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, 90-ға жуық адамға шара өткізген «Түркістан» мейрамханасының  иесіне қатысты іс қаралды. Кәсіпкердің жасын (73) және кінәсін мойындауын ескере отырып, сот оған 10 АЕК мөлшерінде (26 510 теңге) айыппұл тағайындады.

Айта кетейік, төтенше жағдайды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік  476-бабы – 10 АЕК немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауапкершілік (ҚК-нің 379-бабы – 2 мың АЕК-тен 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру), құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік (ӘҚБтК-нің 667-бабы – 40 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу) қарастырылған.

Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқамаларын, санитарлық қағидалар мен гигиеналық нормаларды  бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Бұл ретте, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қызметін тоқтата тұру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.

Егер мұндай әрекеттер абайсызда адамдардың вирус жұқтыруына немесе адам өліміне әкеп соқса, онда қылмыстық жауапкершілік туындайды (ҚК-нің 304-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру).

Прокурорлар шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырады. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button