Түркістан: Сайлай процесі заң талаптарына сай өтіп жатыр
Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әуелхан Тұрғымбеков айтты.
Бүгін елімізде ҚР Мәжілісі және әртүрлі деңгейлі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Осы ретте Түркістан облысының тұрғындары саяси науқанда белсенділік танытып келеді.
Биыл қаңтар айының бірінші жартысында өңірде 318 бірмандаттық сайлау округі құрылып, оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау жөнінде 3, облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 23, аудандар мен қалалар мәслихаттары депутаттарын сайлау бойынша 292 сайлау округі құрылды.
– Тиісті комиссиялар мәслихаттар сессияларында жасақталып, сайлау тағайындалғаннан бастап жұмыстарын «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық Заңның талаптарына сай атқаруда. Өңірдегі 941 сайлау учаскелерінің 26-сы қолжетімділігі шектеулі сайлау учаскелері. Оның 5-і әскери бөлімдерде, 1-шипажайда, 16 емдеу мекемелерінде, 4-уақытша ұстау изоляторында орналасқан. 18 ақпаны күні 18:00-де тіркеу аяқталып, өңірде барлық деңгейдегі бірмандаттық сайлау округтері бойынша ұсынылған 1615 кандидаттың 1284 тіркеуден өтіп, сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын бастаған болатын. Сол тіркеуден өткен кандидаттардың бүгінгі сайлауға 1131 қатысып жатыр. Ал тіркеудан өткен 172 кандидат әр түрлі себептермен тіркеудан алынды, – деді Әуелхан Елтайұлы.
Спикердің сөзінше, облыста 2023 жылдың 26 ақпанына сайлаушылар тізіміне 1 млн 168 мың 658 сайлаушы енгізілген. Оның ішінде 19 наурыз күні 18-ге толатындары – 91 адам, 100 жастан асқан 78 сайлаушы бар. Ал мүгедектігі бар 20122 адам болса, оның көру қабілетінен айырылғандары – 2664, есту, сөйлеу қабілетінен айырылғандары – 2316, кресло-арбаларды пайдаланатындары – 3099 адам.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру құқықтарын қамтамасыз ету маңызды мәселе деп айтсақ болады. Оларға арнап сайлау учаскелерінде арнайы бұрыштар әзірленіп, кабиналар орнатылып, тактильді жолақтар төселген. Арнайы пандустар мен екі жақты белдеулер орнатылған. Барлық сайлау учаскелері бір тұрақты және 2 жылжымалы сайлау жәшіктерімен қамтылған. Олардың сапалары тиісті аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссияларымен тексерілген. Жасырын дауыс беру кабиналарының да сапалылығы аумақтық сайлау комиссияларымен тексерілді. Барлық сайлау учаскелері нормативтік және ақпараттық-методикалық материалдарға және жалпы сайлау ақпараттарына арналған екі тақтамен қамтылған, – деді спикер.
Сонымен қатар, 16-17 наурыз күндері барлық сайлау учаскелеріне орталықтандырылған түрде сайлау бюллетендері таратылып берілді. Сайлау учаскесін полиция күзетінен акті бойынша қабылдап алды. Дауыс беру бюллетендері комиссия мүшелеріне бөлініп берілді. Кешкі сағат 20:00-де дауыс беру тоқтатылып бюллетендерді санау басталады.
Брифинг соңында Әуелхан Елтайұлы сайлау комиссияларының басты мiндетi сайлауды заң талабына сай, заң бұзушылықсыз өз деңгейiнде ұйымдастырып өткiзу екенін атап өтті. Егер заң бұзушылықтар орын алса, тексеріс жүргізіліп, заң аясында қаралады.
Айта кетейік, сайлауға байқаушылар ретінде қатысуға аккредиттеу бойынша 33 қоғамдық бірлестік өтініш беріп, 26-сы аккредиттеуден өтті.