BasNewsЖаңалықтар

Таразда мәжілісмен Жигули Дайрабаевтың ұлдарына сот үкім шығарды

Тараз қаласының №2 сотында «Адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену» бойынша 4 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралды, – деп хабарлады Basnews.kz.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Ерлан Күлекеев және кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық (соңғы екеуі депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары) субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтірген.

Олар субсиядалардан алған ақшаның жартысын өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Алайда сотта олар өз кінәсін мойындамаған.

Сот үкімі бойынша басқарма басшысының орынбасары болған Ерлан Күлекеев 6 жылға бас бостандығы мен өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.

Ал Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан және 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оларға пробациялық бақылау қойылады.

«Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайға К.-ның кәсіби антты бұзғанын, ал жеңілдететін жағдайларға соттылықтарының болмауы мен К, Д, М-ның жас балаларының болуын жатқызды. Сот үкімімен К. кінәлі деп танылып, қылмыстардың жиынтығы бойынша оған түпкілікті 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды. Е-ге мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.Д мен М-ға мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, түпкілікті әрқайсысына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, ҚК-нің 63-б. қолданып, пробациялық бақылау белгілене отырып шартты түрде тағайындалды.Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген сот шешімінде.

Back to top button