Шымкент: Қоғамдық көліктер мен қоғамдық жерлерде де алаяқтардан сақ болу жөнінде роликтер жариялануда

Шымкент қаласы Прокуратурасының Қылмыстық қудалау басқармасының бастығы алаяқтықтың заманауи түрлерінің алдын алу, жолын кесу, ашу бағытында жергілікті құқық қорғау мен уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлескен жобаны іске асыру нәтижесінде қылмыстардың тіркелу көрсеткіші 43% төмендегенін айтты. Мұндай оңды жетістіктерге қол жеткізу үшін бірқатар жұмыстарды атқарылғанын жеткізді. Әсіресе халық арасында жүргізілген түсіндірме жұмыстары өзінің оңды нәтижесін беріп отырғанын атап өтті.
Қазіргі таңда бірқатар жергілікті теледидарлардан (Отырар ТВ, Қазақстан-Шымкент) алаяқтықтың заманауи түрлерінің алдын алу бағытында бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен бірге, қоғамдық көліктер мен қоғамдық жерлерде де алаяқтардан сақ болу жөнінде роликтер жариялануда.
Ендігі кезде, осы жоба аясында өткен жылғы орын алған алаяқтықтар толық зерделеніп, қала тұрғындарының алаяқтықтың көп тараған түрі – интернет алаяқтығынан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар алу барысында да алданып, алаяқтардың құрбанына айналып жатқаны аз емес екенін байқап отырмыз. Оның ішінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен жұмыспен қамту басқармасы арқылы қайтарымсыз несие алу және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелерімен бірнеше жәбірленушілер бар.
Алаяқтық Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190 бабына сәйкес — бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Ол үшін қылмыскер алдау-арбау амалдарын қолданады немесе басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды. Бұл арада мынаны еске алу керек, алдау және сенімге кіру жолымен басқа да қылмыстар жасалуы мүмкін, бірақ олар басқа қылмыстық-құқықтық нормалар бойынша қарастырылады. Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мәнін жан-жақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу қажет. Қылмыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс құрамының болған-болмағаның анықтап алу қажет. Мұның өзі қылмыстық заңда қылмыстық жауапкершілікке тартуға бірден-бір негіз болып табылады. Алаяқтық жағдайында ақша қол сұғушылықтың басты заты болып табылады.



