Қазақстанда дәмхана мен мейрамханаларда баға тағы 10%-ға өседі
Елімізде мейрамхана мен дәмхана иелері азық-түліктің қымбаттауына байланысты бағаны тағы өсірмекші. Ал Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек елде қоғамдық тамақтану орындарындағы баға бір жылда 25%-ға көтеріліпті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Дәмхана мен мейрамхана иелері қызметкерлердің жалақысын көтеру керек екенін айтады. Бұл да қызмет көрсету құнының өсуіне әсер еткен.
«Негізгі шығындар азық-түлік сатып алу, қызметкерлердің жалақысы мен ғимаратты жалға алу, коммуналдық қызмет төлемдері. Әрине, қазір азық-түлік кем дегенде 30-50%-ға қымбаттаған. Оның үстіне мәзірдегі әр тағамға ет қосылады», – деді Қоғамдық тамақтану ассоциациясының құрылтайшысы Сұлушаш Тұяқова.
Оның пайымдауынша, инфляция деңгейін есепке ала отырып қоғамдық тамақтану орындарында баға тағы 10%-ға өседі.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте халықтың ай сайын жұмсайтын қаржысының жартысынан көбі азық-түлікке кететінін айтқан еді.