Түркістан: «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» ақпараттық науқаны өтеді
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, еліміздің барлық өңірінде 1-12 маусым аралығында «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны өтеді.
«Іс-шара дәстүрлі түрде жыл сайын 12 маусым «Дүниежүзілік бала еңбегіне қарсы күрес» күні шеңберінде өткізіледі. Ақпараттық науқан балалар еңбегін пайдаланудың алдын алу мәселесіне, оның ауқымы мен сипатына, бала мен қоғамға тигізетін зардаптарына қоғам назарын аудартуды көздейді. Науқан күндері «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» сияқты рейдтік іс-шаралар, оқушылар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр», – деді Дінислам Болатханұлы.
Брифингте белгілі болғандай, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, 16 жасқа толған азаматтармен еңбек шарты жасалады. Сондай-ақ, еңбек шарты 15 жасқа толған азаматтармен, олар орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда; 14 жасқа толған оқушылармен оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарды орындау үшін; Кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына, имандылық тұрғысынан дамуына және оқу процесіне нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін 14 жасқа толмағандармен жасалуы мүмкін. Көрсетілген жағдайларда, еңбек шартына кәмелетке толмағандармен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюға тиіс.
Жалпы жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда. Оқушыларды тасымалдайтын автобустарға міндетті түрде патрульдік полицияның арнайы автокөліктерімен ілесіп жүру жүзеге асырылады. Балаларды полициясыз тасымалдауға тыйым салынады. Оқушылардың жазғы демалыс кезінде полиция қызметкерлері олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын.