Жаңалықтар

Отбасылық құқық қорғаушылар

Қаратау ауданы Полиция басқармасында ерлі – зайыпты тәртіп сақшылары қызмет етеді. Полиция майоры Шыңғысбаев Жұбаныш пен жолдасы Әуелбекова Мадина екеуі де Қаратау ауданына бекітілген учаскелік полиция инспекторлары.

Қоғамның тыныштығы қай уақытта да – басты орында. Осы орайда, бекітілген әкімшілік аумақта күн сайын халықпен тікелей жұмыла жұмыс істеп, қылмыстың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жүргізіп, тәртіпті бақылайтын учаскелік полиция инспекторларының қызметін ерекше атап өткен жөн.

Бұл отбасы өздерінің осы салада жұмыс атқарып келе жатқандарын ерекше мақтаныш етеді. Жұбаныш пен Мадина Ішкі істер органдарында 20 жылға жуық қызмет етіп келеді. Өзгелерге үлгі болатын бұл отбасы бұл күнде 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған жанұя.

Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін бұл сала Шымкент ҚПД Еңбекші АПБ учаскелік полиция аға инспекторы полиция майоры Бекеев Рысқали Серікұлы мен зайыбы Еңбекші АПБ ЮПТ аға инспекторы полиция майоры Тұрсынбек Айсұлу Әшімқызының тағдырын тоғыстырды. Құқық қорғау саласында ерлі-зайыптылардың еңбек өтілі 15 жылдан асады. Бір салада қызмет еткендіктен, қызметтің ауыртпалықтарына түсіністікпен қарайды. Бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасылардың бірі.

«Бүгінде Ювеналды полиция тобында қызмет атқаратындықтан кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу өзіме ұнайды. Себебі, балалармен жұмыс жасау, сөйлесу, оларды жақсы жолға салу жаныма жақын. Дегенмен жайсыз отбасылармен жұмыс істегенде қиналатын кездерім де болады. Полиция қызметкері болғаныммен, мен әйелмін, анамын ғой. Жайсыз отбасыларға барғанда көзіме жас келетін кездер де болады. Ондай кездерде тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын»,- дейді Айсұлу.

Көпке үлгі бола алған жұп, ал, қызметте қырағы, жауапкершіліктің жүгін арқалап жүрген қызметкерлер. Шымкент қаласындағы ерлі-зайыпты полицейлер Рысқали мен Айсұлуға әріптестері де осылай баға береді. Қос майор өз істеріне адалдығымен және нәтижелі еңбектерімен өзгелерге үлгі-өнеге болып келеді. Мінсіз қызметтері үшін бірнеше рет арнайы марапатқа ие болған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button