Шымкент қаласы полиция департаментінің абыройын асқақтатып, мақтанышына айналып отырған батырларымыз бар

Әрбір ер жүрек, әрі шыншыл адам өз Отанына абырой әкеледі. Бүгінде, Шымкент қаласы Полиция департаментінің абыройын асқақтатып, мақтанышына айналып отырған батырларымыз бар.
Олар, ІІ-дәрежелі «Айбын» орденінің иегерлері:
– Тұран АПБ-ның учаскелік инспекторы полиция аға лейтенант Нұржан Омаров;
– Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы полиция майоры Нұрлан Тасполатов;
– Еңбекші аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы, полиция майоры Тұрар Артықбаев;
– Тұран АПБ КПБ-нің жедел уәкілі полиция капитаны Арман Әріпжанов.
Нұржан Омаров- Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы, ІІ-дәрежелі «Айбын» ордерімен марапатталған. Еске салсақ, Нұржан Омаровтың көзсіз батырлық оқиғасы 2018 жылдың 17- қазанында тапа-тал түсте қала орталығындағы автотұрақта орын алған болатын. Ішкі істер департаментінің тапсырмасымен кетіп бара жатқан қос полицей автокөліктерді тіміскілеп жүрген екеуді байқап қалады. Тәртіп сақшылары күдіктілерге жақындап, құжат сұрағанда әлгі екеудің тарапынан қарсылыққа тап болады. Жас екі күдікті тәртіп сақшылары құжаттарын көрсеткенін де көзге ілмеген. Өздерін таныстырудан бас тартып, көлікке жүр дегенде екеуі екі жаққа қаша жөнелген. Екінші күдіктіні қуып кеткен Нұржан Омаровтың әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қашып бара жатқан жігітті қуып жеткенімен қоймай, бірнеше жерінен пышақ сұғып жатса да қашқынды тырп еткізбей ұстаған полицейді батырға балауға болады. Осыдан кейін көп қан жоғалтып, бір жарым сағат отадан өткен тәртіп сақшысы есін жияды. Дәл осы ерлік еңбегі үшін учаскелік полиция инспекторына ІІ-дәрежелі «Айбын» ордені табысталған болатын.



