Бағдаршамның қызыл түсінде тұрып есірткі шеккен шымкенттік бейнежазбаға түсіп қалды
Жедел басқару орталығының инспекторлары көлік қозғалысын нақты уақыт режимінде бейнекамералар арқылы бақылау кезінде, жолаушысы есірткі қолданып отырған көлікті байқады.
«Тойота Камри» көлігінің алдыңғы орындығында отырған жас жігіт бағдаршамға тоқтап, қағаз ақшаны түтікке домалатып, мұрнымен ұнтақ тәрізді затты иіскеген.
ЖБО-ның кезекшілері бұл туралы дереу патрульдік полицияның жақын маңдағы экипажына хабарлады. Тәртіп сақшылары көлікті Назарбеков көшесінің бойында 4 минут ішінде ұстады. Тексеру барысында көліктен марихуана салынған қағаз бума және мефедрон салынған 2 полиэтилен пакеті табылды.
Аталған жайтқа қатысты Қаратау АПБ-ның анықтаушылары ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы «Есірткі заттармен, сол тектестермен заңсыз жұмыс істеу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. 24 жастағы күдіктіге ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.
Шымкентте полицейлер жас келіншекті өлтірді деген күдікпен Түркістан облысының тұрғынын қамауға алды.
Бұдан бөлек, Әл-Фараби АПБ-ның 102 арнасына жалға алынған пәтерлердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар жас әйелдің мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, криминалистер, тергеушілер мен жедел уәкілдерден құралған Шымкент қаласы ПД-нің жедел-тергеу тобы шықты. Аудан прокурорлары да келді. Кезекші сарапшы жәбірленушінің механикалық асфиксия салдарынан қайтыс болуы мүмкін екенін анықтады. Бұл жайт ҚР ҚК 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша тіркелді.
Пәтер иесі танысының айтуымен полицейлер жәбірленушінің жеке басын анықтады. Ол мегаполиске жұмыс іздеп келген 28 жастағы әйел болып шықты. Жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, тергеушілер мен жедел уәкілдер дереу күдіктіні іздеуге және оны ұстауға кірісті. Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу кезінде кісі өлтіруге қатысы бар жас жігіт жедел уәкілдердің көзіне түсті. Ол 1994 жылы туған Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Осы азаматтың деректерімен бірден барлық бөлімшелерге бағдарлар жіберілді. Нәтижесінде, Шымкент қаласының криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні Жетісай ауданында тұрғылықты жерінде ұстады.