Түркістан облысының жастары Президенттік жастар кадрлық резервіне қызығушылық танытты
Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу тәртібі түсіндірілген жиын өтті. Оған аудан, қала әкімі аппаратының басшылары, ішкі саясат бөлімдерінің, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» басшылары, сонымен қатар жасы 35-тен аспаған жастар қатысты. Облыс әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткен жиынды Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов жүргізіп отырды. Ол жастарға аталған мүмкіндікті пайдалану маңызды екенін айтты.
– 1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадр резервіне жаңа іріктеу басталды. Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасы. Бұл бастама дарынды, бастамашыл, еліміздің дамуына бей-жай қарамайтын жастарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған. Ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарды Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақыру қажет. Мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар керек. Жастарымыздың бойындағы тасқындаған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру – басты міндеттерінің бірі. Осы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл мүмкіндік туралы қала, аудан жастарының назарына жеткізген жөн. Жастарға барынша қолдау көрсетіледі, – деген Еркеғали Әлімқұлов осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілетінін жеткізді.
Кездесуде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Өркен Балажанов іріктеуге қатысудың тәртібі туралы түсіндірді. Кездесуді ұйымдастырған облыс әкімдігіне ризашылығын білдіріп, жастарды белсенді болуға шақырды. Оның айтуынша, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді Б1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Іріктеу 6 кезеңнен тұрады және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өткізіледі. Олар: Құжаттарды қабылдау; Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау; Ситуациялық тапсырмаларды шешу; Құзыреттерді бағалау (Assessment center және HR-сұхбат); Сарапшылық комиссияда әңгімелесу; Ұлттық комиссия отырысы.
Іріктеуге өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйектен бастап pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді болады. Өтінімдер 30 қыркүйекке дейін қабылданады. Биыл Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; Сыртқы саясат және инвестициялар; Экономикалық және қаржылық саясат; Цифрландыру; Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам салалары бойынша резервке іріктеу өтеді. Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Жеңімпаздар биыл желтоқсанда жарияланады.
Кездесуде Президенттік кадрлық резервінің жеңімпазы, атақты шахматшы, Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің өкілі Гүлісхан Нахбаева замандастары мен іні-сіңлілерін құжат тапсыруға шақырды. Президенттің бұл бастамасы жалынды жастарға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал Президенттік кадрлық резервінің тағы бір өкілі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өзінің тәжірибесі мен білгенін ортаға салды. Іріктеуден сәтті өткен жастар мемлекеттік қызметтің және квазимемлекеттік сектордың жауапты лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау құқығымен үш жыл мерзімге резервке алынатынын, іріктеу әділ әрі таза өтетінін жеткізді.
Жиында жастар осы бастамаға қатысты сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Іріктеуге құжат тапсыратындарын жеткізді.
Бұған дейін елімізде екі рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өткен болатын. 2019 жылы 300, ал 2021 жылы 50 жас кадрлық резервке алынды. Бүгінгі күнге осы 350 адамның 76 пайызы (265) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жауапты қызметтерде жұмыс істейді. Олардың ішінде 124 адам орталық мемлекеттік органдарда, 35 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 49 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ резервшілердің қатарында 32 адам министр, вице-министр, облыстық әкімдіктерде аппарат басшысы, облыс әкімінің орынбасары, аудан, қала әкімдері секілді саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервші Парламент Мәжілісінің және 2 резервші мәслихаттың депутаты болып қызмет атқаруда.