Шымкентте 80-ге жуық бала полиция департаментінің қамқорлығында

Соңғы 4 жылдан бері мегаполис полицейлері қаладағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлығына алған.
Тәртіп сақшылары жыл сайын атаулы күндерде бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, материалдық және моральдік көмек көрсетуден шаршаған емес.
Тіпті балалардың болашағына, тәлім-тәрбиесі мен біліміне де ерекше көңіл бөліп, барлық қажетті жағдайды жасауда. Мәселен, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері бокс және қоян-қолтық ұрыс түрлерінен спорт үйірмесін ашып, буыны қатпаған жас жігіттерді жаттықтырумен айналысады.
Қазіргі таңда аталған мекемеде 76 жасөспірім болса, оның 34-і ұл. Олардың барлығы жүз пайыз спорт үйірмесіне қатысып, салауатты өмір салтын ұстанады.
«Сонымен қатар, балалардың білім саласында жетістікке жетуіне де полиция қызметкерлерінің ықпалы зор. Өйткені, тәрбиеленушілер погон таққан ағаларынан үлгі алып, өскенде сол кісілердей болуды армандайды. Бүгін де, тәртіп сақшыларының жол сілтеп, бағыт-бағдар беруімен біздің үш түлегіміз ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары атанды. Оның ішінде, Ричилский Александр биыл 3-курсқа өтті, Асланбек Оразбек 1 курсты бітірді, ал Асланбек Бекмұхаммед баламыз осы жылы оқуға түсті.» – дейді, №4 балалар үйінің директоры Әлия Бектемісова.
Ал, Александр болашақта туған қаласына қайта оралып, антына берік, қызметіне адал тергеуші болғысы келеді. Сондай-ақ, балалар үйінен өзінің төрт қарындасын алып кетуді армандайды.
Сонымен қатар, Шымкент полицейлері 120-дан астам әйелге құқықтық дәріс өткізді. Мегаполис сақшылары қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру және отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсету мақсатында дағдарыс орталықтарындағы келіншектермен кездесу өткізді.
Аталған шараға 120-дан астам нәзік жанды қатысып, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек алды. 5 күнге жалғасқан жиында «Бақытты жанұя-бақытты ел», «Ана-отбасының ұйытқысы», «Бақытты ана- бақытты отбасы», «Бәрі де, ана бір өзіңнен басталады», «Ана-өмір шуағы» атты семинар сабақтар мен тігінші аналардың ұйымдастыруымен қолөнер көрмесі өтті.



