ЖаңалықтарШымкент

Қалалық сотта «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару» тақырыбында мәжіліс өтті

Қалалық сотта «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару» тақырыбында мәжіліс өтті.

Мәжіліске Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы міндетін атқарушы Тамара Смайлова, алқа судьялары және азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы мен судьялары, сонымен қатар қала прокурорының аға көмекшісі қатысты.

Іс-шараны алқа төрағасы міндетін атқарушы Т.Смайлова ашып, кіріспе сөзінде ««Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін осы Заңның 7, 12-31 баптарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді. Заңның негізгі мақсаты Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де заңсыз сатып алынған активтерді қайтарудың заңнамалық параметрлерін айқындау, сондай-ақ оларды заңсыз иемдену мен алып қоюға ықпал еткен жағдайларды жою болып табылады» – деді.

Күн тәртібіндегі тақырып бойынша судья Бақытжан Бөрібеков, алқа судьясы Ерлан Сералиев және Шымкент қала прокурорының аға көмекшісі Ұлан Омаров баяндама жасады. Судья Б.Бөрібеков өз баяндамасында Заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылатындығына тоқталды. Ұ.Омаров Бас прокуратура құрылымында 140 қызметкері бар активтерді қайтару жөніндегі жаңа Комитеттің құрылып және қажетті нормативтік құқықтық актілердің дайындалып жатқанын айтты.

Алқа судьясы Е.Сералиев осы санаттағы талап қоюлар бойынша істердің қарау ерекшеліктерін, талап қою мерзімдері жөнінде айтып өтті. Қатысушылар күн тәртібіндегі мәселе бойынша пікір алмасты. Төрағалық етуші Жоғарғы Соттың тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы» санаттағы істерге жауапты ретінде алқа судьясы Е.Сералиев бекітілгенін, сонымен қатар, соттарға заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтаруға байланысты, арыздар мен талап қоюлар түскен кезде Заң талаптарын жете зерделеп, шешім қабылдау қажеттігін ескеріп өтті.

Back to top button