Дағдарыс орталығының жас аналарына жеке қабылдау өтті
Жастар ресурстық орталығы психологтары «Көмек» орталығының дағдарысқа түскен жас аналарына мазасыздық деңгейін диагностикалау және АРТ-терапиялық бағытта семинар-тренинг пен жеке қабылдау жүргізді.
Мақсаты – қарым-қатынас дағдыларын дамытып, өзіне деген сенімін нығайтуға жәрдемдесу.
Жас аналарға алдымен психологиялық семинар-тренинг ұйымдастырылып, жеке қабылдау жүргізілді.
Шығармашылық терапия әдісін бүгінгі таңда көптеген психологтар негізгі немесе көмекші әдіс ретінде өз салаларында қолданып келеді. Жалпы арт-терапия науқас адамның психо-эмоционалдық халін шығармашылық арқылы емдеу болып табылады. Бұл терминнің авторы британдық суретші – Адриан Хилл. Арт-терапия ағылшын тілінен аударғанда «шығармашылық терапия» деген ұғымды білдіреді. Адриан Хилл арт-терапияны 1938 жылы туберкулез дертіне шалдыққандарға қолданған. Қазіргі таңда әлемде арт-терапияның түрлері үлкен жетістіктерге ие.
– Арт-терапия дегеніміз – өнермен емдеу. Арт – өнер, терапия – ем жүргізу деген сөз. Бұрынғы Кеңес үкіметі кезінде арт-терапияны көпшілігінде созылмалы дертпен ауыратын, (сары ауру, өкпе, туберкулез) және тыныс алу жолдары (бронхы), аллергиямен, астмамен ауыратын адамдар, маскүнемдік және ұзақ емделетін наркологиялық аурулар мен құмар ойындарға тәуелділікке ұшыраған адамдарды осы терапиямен емдеген. Мысалы, бұл терапия барысында теңіз жағалауында отырып, түрлі-түсті бояулармен шимайлай сурет салатын болған. Ондағы түстер арқылы адамның жадындағы ақпараттарды, реніші мен өкпесі, жүрегінде қалған ішкі психоэмоционалдық жағдайлар, қорқыныш немесе үрейді анықтауы мүмкін. Және де кейбір адамдар бейсаналы тұрғыда жан дүниесіндегі, ешкім білмейтін жағдайларды жасырып, сол ренішпен дүниеден өтіп кетіп жатады. Осындай нәрселерді ешкімге айтудың да, бөлісудің де қажеті жоқ. Арт-терапияның бір кереметі сурет салу барысында адам жадындағы ақпараттарды қағазға түсіруі. Бұл терапияның ерекшелігі осында. Адамның денсаулығына әсері кез келген адамның созылмалы түрде психологиялық психосоматикалық дерттің барлығына жақсы әсер етеді, – деді психолог.