Кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында “Түнгі рейд” жұмыстары жалғасуда
Абай ауданы аумағында Абай аудандық жастар ресурстық орталығы мен Абай аудандық учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен “Түнгі рейд” жедел профилактикалық іс-шараcы өткізілді.
Кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өткен рейд жұмысында көшелерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта жүрген жасөспірімдер анықталды.
Сонымен қатар, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді ойын-сауық орталығына кіргізген орталық иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескерту берілді.
Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр, себебі өмірлік қиын жағдайға душар болған жасөспірімдердің саны азаяр емес. Бұл санатқа, көбінесе отбасылық жағдайы нашар, демалыс мезгілі ойластырылмаған, өздеріне өздері бас болып жүрген балалар жатады.
Қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен қамтылуын дұрыс ұйымдастыру. Бүгінгі күні мектептегі мектептен тыс оқушы қосымша біліммен қамтылып отыр. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азая түскен.
Жалпы, құқық тәртібін бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. Сондықтан тәртібі нашар, ішкі істер органдарында есепте тұрған оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізуден жалықпау керек сияқты.
Абай аудандық учаскелік полиция инспекторы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық түрлеріне сипаттама беріп, деректер келтіріп, қылмыс жасалған жағдайда әрбір азамат заңда көрсетiлген ереже бойынша жауапкершiлiкке тартылатынын, Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынғанын айтып өтті.