Алматыда карантинге қарамастан екі боди-массаж салоны жұмыс істеп келген

Алматыда екі боди-массаж орталығы карантин режиміне қарамастан жұмыстарын жалғастырған, деп хабарлайды Basnews.kz.
Криминалдық полиция, карантин кезінде тыйым салынғанына қарамастан тәулік бойы жұмыс істеп келген массаж салондарын анықтады.
«Массаж салондарының иелері мен қызметкерлері массаж қызметін көрсетуді жалғастырып, карантин кезінде клиенттерді қабылдаған. Олардың бизнесі жасырын жұмыс істеген, салонға тек сенімді клиенттерін алдын ала жазылу арқылы қабылдаған. Белгілі болғандай, мұнда емдеу массажы емес эротикалық массаж қызметі көрсетілген»,–дейді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиадин.
Салон иелері бірден әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартылды: ҚР ӘҚбК-нің 476-бабы – төтенше жағдай режимін бұзу және ҚР ӘҚбК-нің 450-бабы – жезөкшелікпен айналысуға үй-жай беру немесе жеңгетайлық.
Басқарма бастығының айтуынша, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін массаж жасаушылар да заңға сәйкес жауап беруі керек. Шешім қабылдау үшін өндіріс материалдары сотқа жолданды.



