Қазақстан – әлемдегі бензин ең арзан ТОП-15 елдің қатарында

Қазақстан әлемдегі бензин ең арзан ТОП-15 елдің қатарына кіреді, деп хабарлайды BasNews.kz ақпарат порталы ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы жылдың 13 сәуіріндегі деректерге сәйкес, әлемде АИ-95 маркалы бензиннің бір литріне орташа баға 0,95 АҚШ долларын немесе 404,5 теңгені құрайды. Дүниежүзіндегі ең арзан бензин Венесуэлада тіркелген. Бұл елде теңгеге шаққанда АИ-95 бензинінің бір литрі 1 теңгеден де төмен.
Сондай-ақ, бензин арзан үш елдің қатарына Иран (1 литрі 0,09 АҚШ доллары немесе 39,2 теңге) мен Судан (1 литрі 0,14 АҚШ доллары немесе 59,6 теңге) кіріп отыр. ТОП-5 елдің қатарында Ангола (1 литрі 0,28 АҚШ доллары немесе 121,4 теңге) мен Малайзия (1 литрі 0,29 теңге немесе 123,7 теңге) да бар.
Қазақстанда бензин бағасы ең төменгі елдердің қатарына кіріп, 11-орынға тұрақтаған. 13 сәуірдегі мәліметтерге қарағанда, елімізде бензиннің орташа бағасы 1 литріне – 0,41 АҚШ доллары немесе 174 теңге. Ал бұл ТМД елдеріндегі ең төменгі баға саналады. Айталық, Ресейде АИ-95 бензинінің бір литрі 265,8 теңгені, Түрікменстанда 183,4 теңгені, Әзербайжанла 201,4 теңгені, Қырғызстанда 230,2 теңгені құрайды.
2020 жылдың наурызында Қазақстанда АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы орташа бағасы 1 литріне 155,02 теңге болып, жыл ішінде 4 пайызға, өткен аймен салыстырғанда 0,5 пайызға қымбаттаған еді.
Бұл маркадағы ең қымбат бензин Нұр-Сұлтан қаласында (160 теңге), Көкшетау (158 теңге) мен Өскеменде (158 теңге) тіркелген. Қазақстанда АИ-95 пен АИ-96 маркалы бензинің бөлшек саудадағы орташа бағасы жыл ішінде 2,7 пайызға қымбаттап, 1 литрі 173,79 теңге болды және осы жылдың ақпанымен салыстырғанда баға 0,1 пайызға қымбаттады.



