Елордадағы «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешенінің бір бөлігі карантинге жабылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешенінің подъезі карантинге жабылды, деп хабарлайды Basnews.kz.
«Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешенінің №1 подъезі карантинге жабылды. Аумақты дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үйдің бұл кіреберісі қоршалды. Онда полиция қызметкерлері кезекшілік атқаруда. Аталған подъездің тұрғындарына жақын маңдағы дүкеннен, тапсырыс арқылы әкелінген дәрі-дәрмекті алудан басқа сыртқа шығуға тыйым салынады. Подъез тұрғындарының бәрі де үй карантинінде», – делінген қала әкімдігінің Instagram-парақшасында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Абылай хан-Рысқұлбеков-Мүсірепов-Мұстафин көшелерінің квадратында шектеу шаралары енгізіліп, 9 үйдің кіреберістері жекелей карантинге жабылды.
16 сәуірдегі мәліметтерге сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында 22 нысанда карантин енгізілген. Олар: 4 денсаулық сақтау нысаны, 2 жатақхана, «Шарапат» орталығы және бірнеше тұрғын үй бар. Карантин №1 автопарктен, 2 жатақханадан, тұрғын үйлердің 10 подъезінен және 3 медицина ұйымынан алынды.
Қалада тұрғын үй кіреберістеріне екінші рет дезинфекция жұмыстары жасалып жатыр.



