СЫР ЕЛІНІҢ БИ ӨНЕРІНДЕГІ СЕРПІЛІС
Қазақ даласында “Сыр елі – жыр елі” деген атпен танылған Қызылорда өңірі бүгінде тек дәстүрлі өнермен ғана емес, түрлі бағыттағы өнер иелерімен де танылып келеді.
Мәдениет саласындағы тың бастамалар нәтижесінде өңірімізде заманауи, эстрадалық би ансамблін құру туралы ұсыныс оң шешімін тауып, облыс әкімінің қолдауымен Қызылорда облыстық филармониясынан «AI-ARU» заманауи би ансамблі құрылды.
Ансамбльдің негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері белгілі хореограф Замира Стықбаева, репетиторы –хореограф Шыңғыс Акижанов.
Бүгінде ансамбль құрамына арнайы іріктелген талантты 20 биші қабылданып, тамыз айынан бастап жұмыс жасауда. Қазан айында 2 концерттік костюм тігіліп берілді. Ансамбль заманауи модерн бағытындағы би қойылымдары, заманауи хореографиялық композициялар, мюзикл және әндерді бимен көркемдеу сынды жұмыстарды атқаратын болады. 25 қазан – Республика күніне орай өткен салтанатты шарада алғаш рет «Тек-Тамыр» атты би композициясын сахналап, көрермен қошеметіне бөленді.
Алдағы уақытта да ансамбльдің шығармашылық жұмыстары аймағымыздың мәдени дамуына тың серпіліс әкелмек.