BasNewsЖаңалықтар

Тоқаев: Егер індет өршіп кетпесе, 11 ма­мырда төтенше жағдай режимі аяқ­та­лады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы төтенше жағдайдың ұзарту-ұзартылмауына қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды BasNews.kz.

«…Егер індет өршіп кетпесе, 11 ма­мырда төтенше жағдай режимі аяқ­та­лады», деді Президент «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ өз сұхбатында Тоқаев төтенше жағдай кезінде халықтың тап болған материалдық мәселесіне қатысты да кеңінен тоқталды.

«Біз Қазақстанда төтенше жағдайды дер кезінде жарияладық. Осындай шаралардың арқасында вирустың жаппай таралуына жол бермей, қоғамдағы тұрақтылықты сақтап отырмыз. Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасауды ұйғардық. Жалпы, 4,2 миллион адам бұл көмекті алды. Оны екінші айда да жалғастырамыз. Бұдан бөлек, 1 миллиондай мұқтаж жан азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды. Осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе, мемлекеттілігімізге сын емес пе?! Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солар­дың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз», – деді Президент.

Президент тапсырмасы бойынша, кәсіпкерлер қауымын төтенше жағдайдан соң жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету жағын Үкімет қарастырып та қойыпты.

«Уақытша қиындыққа тап болған 1,6 миллион кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілді. Мұндай шара іскер азаматтарды қолдау үшін қажет. Сондай-ақ «Қарапайым заттар эко­но­микасы» бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбей­тілді. Бұл қаражат жаңа жобаларды қай­та қаржыландыруға, жеңілдік шарт­тары­мен несие беруге жұмсалады. Кәсіп­кер­лер үшін салықтар мен басқа да міндет­ті төлемдер мерзімі ұзартылды. Зардап шеккен шағын және орта бизнес өкіл­дері еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемінен алты айға босатылды», – деді Тоқаев.

Айта кетсек, коронавирустың таралуын алдын алу мақсатында жарияланған еліміздегі төтенше жағдай алдында 16 сәуірден 11 мамырға дейін ұзартылған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button