МӘМС жүйесіне енгізілген өзгерістер – медициналық көмектің қолжетімділігі артады

Қазақстан Республикасы Президенті Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы жаңа заңға қол қойды. Бұл құжат жарналар көлеміне, медициналық қызметтердің қолжетімділігіне қатысты маңызды өзгерістер енгізеді. Жаңа нормалар жүйеге қалай әсер етеді? Осы және өзге де сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Түркістан облысы бойынша филиалы директоры Бақыт Исмаханбетов жауап берді.
– Бақыт Торғайбайұлы, заңға енгізілген өзгерістер МӘМС жүйесіне халықты тарту аясына қалай әсер етпек?
– Түркістан облысында бүгінде 195 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде, оның ішінде 152 – жеке меншік мекемелер. Бұл ауыл тұрғындарына қолжетімді, сапалы әрі таңдауы мол медициналық қызметтерге жол ашып отыр.
Медициналық ұйымдарға тіркелген тұрғындар саны – 2 077 730 адам, оның ішінде ауылда тұратындар – 1 649 527 (79.4%). Ал МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтардың үлесі 83.1%-ды құрайды. Алайда шамамен 351 503 адам әлі күнге дейін жүйеден тыс қалып отыр.
2024 жылғы 7 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Президент: «Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін медициналық сақтандыруға жарналар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс» деп нақты атап өтті.
Сол себепті халықты жүйеге кең көлемде қамту үшін жаңа тетіктер енгізілді. Бұдан былай жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейлері) азаматтардың жарналарын төлейтін болады.
2026 жылы осы өзгерістердің арқасында өңірде қосымша 100 мыңға жуық адам МӘМС жүйесіне тартылмақ.
Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыз азаматтар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Бұл әкімдіктерді жұмыссыздықпен күресте белсендірек болуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кедейлікті азайтуға итермелейді.
– Сақтандыру мәртебесіне қатысты қандай өзгерістер болды?
– Иә, жақсы жаңалық – енді сақтандырылған мәртебесін сақтауға мүмкіндік беретін жаңа норма күшіне енді. Егер азамат соңғы 5 жыл ішінде тұрақты түрде жарна төлеп келген болса, белгілі бір себептермен жарна уақытша тоқтатылса да, ол 6 айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады (бұрын бұл мерзім 3 ай болатын).
Мысалы, адам жұмыс істеп жүріп, жарналарды тұрақты төлегенімен, кейін жұмыстан шығып қалса да, ол жарты жыл бойы МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекті пайдалана алады. Бірақ бұл ретте кейіннен сол айлардағы берешек өтелуі тиіс.
– Жаңа бірыңғай пакет туралы айтып өтсеңіз…
– Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында «Бірыңғай медициналық көмек пакетін» қалыптастыру туралы тапсырма берген болатын. Бұл пакет 2026 жылдан бастап күшіне енеді.
Онкологиялық скринингтер ТМККК тізіміне өтеді және сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға тегін көрсетілетін болады.
Сонымен қатар, 8 әлеуметтік мәні бар ауруға (туберкулез, АИТВ, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт) күдік болған жағдайда, кеңес беру және диагностика қызметтері тегін ұсынылады. Бұрын мұндай көмек тек туберкулез бен АИТВ жағдайында ғана тегін көрсетілетін.
Сондай-ақ 2026 жылдан бастап базалық пакетке:
амбулаторлық диализ,
созылмалы аурулардың 12 тобына динамикалық бақылау мен кеңес беру (оның ішінде бауыр, қалқанша безі, жүрек ақаулары, т.б.),
амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету,
жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді.
Жалпы, Қор арқылы Түркістан облысына 2025 жылға арналған денсаулық сақтау бюджеті – 226 271 005 теңге. Оның ішінде:
МӘМС пакетіне – 123 081 585 теңге;
ТМККК пакетіне – 103 189 420 теңге.
Ал МӘМС жүйесі енгізілгелі бергі 5 жыл ішінде қаржыландыру көлемі 1,8 есеге немесе 82 %-ға өскен.
🏨 Медициналық көмекке бөлінген қаржы
2025 жылы МӘМС аясында:
85 797 928 мың. теңге – стационарлық көмекке ,
36 868 796 мың. теңге – кеңес-диагностикалық көмекке,
8 156 540 мың. теңге – медициналық оңалтуға,
4 908 102 мың. теңге – стоматологиялық қызметтерге,
18 740 659 мың. теңге – амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтуға,
1 155 285 мың. теңге – жоғары технологиялық оталарға бағытталды.
⚕️ Қымбат оталар тегін
Сақтандырылған әрбір азамат МӘМС есебінен күрделі және жоғары технологиялы оталарды тегін ала алады. Мәселен:
1 139 кардиохирургиялық операция – 1 367 173 307 тг;
2 040 нейрохирургиялық операция – 1 366 622 435 тг;
2 543 ЛОР операциясы – 497 191 002 тг;
10 бүйрек және бауыр трансплантациясы – 30 775 993,51 тг.
Орташа алғанда, мұндай операциялардың құны 5-10 млн теңге аралығында.
🏥 Медициналық инфрақұрылым жаңартылып жатыр
Жыл сайын облыста жаңа медициналық мекемелер ашылып, инфрақұрылым жаңғыртылуда. Сонымен бірге, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен жылжымалы медициналық кешендер шалғай ауылдарды аралап, көмек көрсетуде.
– Жарналар есептеу тәртібіне қатысты не өзгереді?
-Халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы.
Осыған байланысты, 2026 жылғы қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылады:
• Жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ),
• Қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ.
Бұл — бастапқыда ұсынылған 50 ЕТЖ орнына қабылданған келісімді шешім, яғни жүйенің тұрақтылығын сақтай отырып, салық жүктемесінің шектен тыс өсуіне жол бермейді.
Аталған өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ және теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Осы шараның нәтижесінде МӘМС жүйесінің табысы жылына шамамен 200 млрд теңгеге артады деп күтілуде.
– Мемлекет жарна төлейтін жеңілдік санаттарға не өзгереді?
– Қазіргі таңда мемлекет 15 жеңілдікті санаттағы азамат үшін жарна төлейді. Олардың қатарында балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жүкті әйелдер бар.
Елімізде МӘМС жүйесіне төленетін жарналар мен аударымдардың мөлшері ең төмен деңгейде – 2025 жылы 2%. Салыстырмалы түрде, басқа елдерде бұл көрсеткіш 9–14,5% аралығында. Жүйені бастапқы жобалау кезінде жарна мөлшерлемелері жоғарырақ болып жоспарланған, алайда жүйе іске қосылған кезде олар едәуір төмендетілген еді.
Алайда, «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіліп, МӘМС жүйесінде қосымша міндеттемелердің қосылуына байланысты жүйенің қаржылық жүктемесі күрт өсіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылды.
• 2027 жылы – 2,2%,
• 2037 жылға дейін – 4,7%-ға дейін біртіндеп өсіру.
Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады.
– Әңгімеңізге рақмет.