Аймақтар

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының XXIII Халықтық спорт ойындарының жабылу салтанаты өтті

Шығыс Қазақстан облыстық жеңіл атлетикадан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында облыстың XXIII Халықтық спорт ойындарының салтанатты жабылу рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына және Спорт күніне арналды.

Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, Халықтық спорт ойындарының бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуда, ұлттық дәстүрді сақтауда, салауатты өмір салтын қалыптастыруда және өңір тұрғындарының бірлігін нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті.

– «Спорт әрқашан адамдарды біріктіріп келеді. Бүгін біз ұлттық ойындар мен заманауи спорт түрлерінің қатар дамып, мықты әрі дені сау ұрпақты тәрбиелеп жатқанын көріп отырмыз. Мұндай бастамаларды қолдау біз үшін өте маңызды. Өйткені дәл бұқаралық спортта бәсекелестік рухы, достық пен патриотизм қалыптасады», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жарысқа облыстың қала-аудандарынан келген 13 команда, жалпы саны 1500-ден астам спортшы қатысты. Олар 13 спорт түрі бойынша күш пен ептілікті, жеңіске деген жігерді көрсетті. Атап айтқанда: футбол, волейбол, үстел теннисі, президенттік көпсайыс, жеңіл атлетика, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, қол күресі, арқан тарту, гір спорты, асық ату және садақ ату сайыстары.

Сайыс қорытындысында өңірдің үздік спортшылары мен командалары анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер лайықты марапаттарға ие болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button