Жаңалықтар

Өскемендегі Ұлттық ұланда ардагерлер ардақталды

Өскемен қаласындағы Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінде Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің күні аталып өтті. Атаулы күннің мақсаты – құқықтық тәртіптің қалыптасуында елеулі рөл атқарған, қызмет жолында мол тәжірибе жинап, оны жас буынға үлгі еткен ардагерлерге деген құрмет пен ізетті қоғамда нығайту. Салтанатты шарада алғашқы болып «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев сөз сөйледі. Ол жас буынға патриоттық тәрбие беруде өңірлік қолбасшылық ардагерлері кеңесінің маңызы зор екендігін алға тартты. Сондай-ақ қолбасшы Павлодар гарнизонына қарасты ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы майор Сабыр Мусинды «Ардагерлер қоғамына қосқан үлесі үшін» төс белгісімен, сонымен қатар өзге де төрағаларды мадақтау қағазымен марапаттады. Бұдан кейін келесі сөз «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаевқа берілді. Айдар Оразбаев жиынға шақырылған әрбір әскери бөлімнің төрағаларына өз сыяпатын ұсынып, атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталды.

Ардагерлер кеңесі Ұлттық ұлан сапына қосылған мерзімді әскери қызметшілердің ант қабылдау рәсімінен бастап, әскери бөліммен қоштасқан сәтіне дейінгі түрлі жауынгерлік қызмет пен мерейлі іс-шараларда қолдау танытып, әрқашан жандарынан табылды. Аға буыннан құралған топтың қамқорлығы тек сарбаздармен шектелмейді. Ол көпбалалы әскери қызметшілердің отбасыларына жиі барып, материалдық және моральдық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, зейнеткерлерді де назардан тыс қалдырмай, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөледі. Ардагердің демеушілігімен бірқатар күрделі оталар жасалып, әлеуметтік көмек көрсетілген. Ардагерлер кеңесінің игілікті істері мұнымен шектелмеді. Олар Шығыс Қазақстан облысындағы мектептердің әскери сыныптарына тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгердің есімін беруде елеулі үлес қосты. Ардагерлердің өнегелі жолын дәріптеу және жастар арасындағы патриоттық тәрбиені қалыптастыруға негізделген іс-шараға әскери ардагерлер мен әскери бөлім әскери қызметшілері, сонымен қатар Өскемен қаласындағы мектептердің басшылығы мен «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық сыныптарының оқушылары қатысты.

– Біздің мектеп үшін ардагерлер кеңесі атқарған іс-шаралардың ауқымы кең. Әсіресе, кеңес төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаевдың оқушыларға әскери патриоттық тәрбие беруде қыруар жұмыстар атқарды. Оқушылар Айдар Оразбаевтың арқасында әскердің қандай екенін өз көзімен көріп, жауынгерлік қызметпен танысты. Алдағы уақытта Ұлттық ұланмен байланысымыз одан сайын нығая түседі деген ойдамын, – дейді №24 орта білім беретін мектеп директоры Ләззат Мәуітхан.

Еске салайық, Шығыс өңірлік қолбасшылығының ардагерлер кеңесіне тоғыз жүзден астам зейнеткер мүше боп тіркелген. Олардың ішінде оннан астам Ауған соғысының Тәжік-ауған шекара қақтығысының және Таулы Қарабақ қақтығысының ардагерлері бар. Іс-шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button