Жезқазған қаласының әкімдігінде Аналар кеңесі ұйымдастырған дөңгелек үстел өтті

Жезқазған қаласының әкімдігінде Аналар кеңесі мүшелерінің ұйымдастыруымен «Ибалылық пен имандылық – парасаттылық айнасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараға Ұлытау облысының бас имамы Б.Б. Жансарин, Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.С. Қазамбаев, Ұлытау облысы Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Г.О. Сейтжанова, сондай-ақ қала жастары қатысты.
Кездесу барысында Б.Б. Жансарин имандылық пен инабаттылықтың дін мен дәстүр сабақтастығында ерекше орын алатынын атап өтті. М.С. Қазамбаев ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы арқылы жастарды елжандылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеудің маңызын баяндады. Г.О. Сейтжанова қоғамдағы әйел-аналардың бірлігі мен татулықты нығайтудағы рөліне тоқталып, ұлттық тәрбиенің заманауи қоғамдағы өзектілігін атап өтті. Жастар тарапынан да белсенді сұрақтар қойылып, пікір алмасу форматында еркін әңгіме өрбіді, қатысушылар өз ойларын ашық айтып, тәжірибе бөлісті.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда ибалық пен имандылықты, парасаттылық пен адамгершілік құндылықтарын насихаттау, жас ұрпақты ізгілікке, мәдениеттілікке, отбасылық және қоғамдық жауапкершілікке баулу болып табылады. Сонымен қатар, кездесуде қоғамдағы әр азаматтың өз үлесін қосу, отбасы құндылықтарын сақтап, ұрпақты жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеу мәселелері де жан-жақты қаралды. Қала әкімдігі мен Аналар кеңесі мұндай кездесулерді тұрақты өткізіп, жастар мен қоғам арасында дұрыс құндылықтарды насихаттау бағытында жұмыстарын жалғастыруға ниетті екенін білдірді.



